«Қазіргі таңда шетелдік жұмыс күшін тартатын 2200 кәсіпорын бар. Оның ішінде қазақстандықтардың үлесі 96 пайыз. Жоғарыда көрсетілген еңбек дауларының себептерін ескере отырып, ел Президентінің тапсырмасы бойынша прокуратура органдарымен бірлесе отырып, 30-дан астам шетелдік жұмыс күшін тартатын 95 кәсіпорынға қатысты тексеруді аяқтадық. Нәтижесінде, еңбек және көші-қон заңнамасын бұзу бойынша 930 факті анықталып, жойылды. 474 жергілікті және шетелдік жұмыскердің жалақысының айырмашылығы анықталып, сәйкестендірілді. Тексеру нәтижесі бойынша 681 рұқсаттама кері қайтарылып, 393 шетелдік елден шығарылды», - деді Біржан Нұрымбетов Үкімет отырысында.
Министр сонымен қатар, бұл ретте заңнамалық нормаларға түзетулер әзірлеп жатқанын айтты.
«Олар әкімшілік жауапкершілікті күшейтуді және шетелден жұмыс күшін тартатын кәсіпорындарға жыл сайын тексеруді, жыл сайынғы квоталар көлемін және жұмысшылар мамандықтары бойынша шетелдік персоналды қысқартуды, үшінші және төртінші санат бойынша тартылатын шетелдік жұмыскерлерді қазақстандық кадрлармен ауыстыруды көздейді. Өңірлер әкімдіктеріне шетелдік жұмыс күшін тартуға квотаны еңбек нарығын жан-жақты зерделеу жүргізгеннен кейін қалыптастыруы тиіс», - деді ол.
Еске сала кетсек, Үкімет басшысы жалақыны бермеудің жұмыс беруші үшін тиімсіз болатындай етіп заңнама нормасын күшейтуді тапсырды.