18:02, 18 Наурыз 2009
Еңбек нарығын дамыту үшін орта арнаулы білім ошақтарының жұмысын жандандыру керек
АЛМАТЫ. Наурыздың 18-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Халқымызда «түстік өмірің болса, кештік мал жи» деген даналық сөз бар. Байлық ақшада емес, білімде екенін білсе де бұл қағиданы ұстануға барлық адам бірдей әрекет жасап отырған жоқ.
Бұл бүгін Қазақтың Тұрар Рысқұлов атындағы экономика университетінде өткен ашық есік шарасында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.«Біз өз мүмкіндігімізді әлі толық пайдаланып отырған жоқпыз. Бізде еңбекке қабілетті адамдардың белгілі бір бөлігі жұмыстың жоқтығынан емес, кәсіп игерудегі қырсыздығынан және ауырдың үсті, жеңілдің астымен жүргісі келетін жалқаулығынан жұмыссыз отыр. Ал еңбек нарығындағы өзге елдерден келген еңбек мигранттарының үлесі әлі айтарлықтай деңгейде», дейді басқару факультетінің деканы Еділ Мейірханұлы. Экономист ғалым оқытушының айтуынша, қазіргі таңда жоғары оқу орындарын бітіріп жатқан мамандардың да бәрі бірдей өз мамандығы бойынша жұмыс жасап жүрген жоқ. Егер жалпы білім беретін мектептің жақсы оқығаны да үзіліп-салынып бітіргені де жоғары оқу орнына түсе беретін болса, саннан сапаға көшу әлі біршама уақыт кешеуілдеуі мүмкін. Өйткені мектепті 60 баллмен бітірген баланың жоғары оқу орнынан білімді маман боп шығуы екіталай. Ол 70-80 баллдан кем болмауы керек. Өкінішке орай, қазір ақшасын төлеген соң 45-47 баллмен институт, университет студенті атанып жүргендер аз емес. «Мәселен, біздің басқару факультетінде өндіріс, қаржы, маман дайындау саласындағы және консалтингтік басқарушы мен инженер-маркетолог мамандықтары бойынша мамандар дайындалады. Күндізгі бөлімде 1-ші курста 750, 2-ші курста 475, 3-ші курста 500, 4-ші курста 335 студент оқып жатыр. Олардың ішінде мемлекеттік грантпен оқитындар қазақ бөлімінде 277, орыс бөлімінде 137 адамды құрайды. Біз оқу бағдарламасына үлгере алмаған студенттерге сараптама жүргіземіз. Оның қорытындысына қарағанда сабақ үлгерімі төмен студенттер негізінен мектепті нашар бітіргендер», дейді экономика ғылымының кандидаты Еділ Нұрпейіс. Оның пайымдауынша, биыл еліміздегі талапкерлердің саны бұрынғы жылдарға қарағанда азырақ болады. Өйткені 1991-1993 жылдары туу деңгейі төмендеген болатын. Осыған қарамастан оларға мамандық таңдау кезінде өз қабілет-қарымдарына сай оқу орнына түсуіне мүмкіндік тудыру керек. «Еңбек нарығын дамыту үшін қазіргі таңда арнайы кәсіптік- техникалық училищелер мен колледждерді қайта жандандыруға көбірек мән беру қажет. Жас мамандардың бәрін бірдей ауылға баруға үгіттеудің қажеті шамалы. Өткенге көз жүгіртетін болсақ, байлық көзі қашанда қалада шоғырланған. Еуропа елдерінде ауылда тұратындардың әрқайсысы қалада тұратын 50 адамды азық-түлікпен қамтамасыз етеді. Ал Қазақстанда бұл бір адамды ғана құрайды», дейді Еділ Мейірханұлы.