Еңбек нарығында ең жоғары және ең төмен сұранысқа ие мамандықтардың рейтінгісі жасалды - Астана әкімдігі

АСТАНА. 19 қаңтар. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Еңбек нарығында ең жоғары және ең төмен сұранысқа ие мамандықтардың рейтінгісі жасалды.

Бұл туралы бүгін елорда әкімдігінде «Астанадағы жұмыссыздық: шешу жолдары» атпен өткен дөңгелек үстел барысында Астана қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бастығы Алма Алтыбаева айтты.

А. Алтыбаеваның айтуынша, Астанадағы барлық ЖОО-ға, колледждер мен лицейлерге талдау жүргізілген. Соның негізінде ЖОО-лар, мамандықтардың динамикасы және келесі жылға арналған болжамдар туралы мәліметтер базасы жасақталды.

«Оның негізінде еңбек нарығында жоғары сұранысқа ие мамандықтардың рейтінгісі жасалды. Тізім көшінің басында байланыс, энергиямен қамтамасыз ету, құрылыс және қызмет көрсету салаларындағы мамандықтар тұр», - дейді А. Алтыбаева.

Ал ең төменгі көрсеткішке, басқарма төрағасының атап өткеніндей, гуманитарлық, экономикалық және заң мамандықтары ие көрінеді.

«Былтыр Астана қалалық жұмыспен қамту орталығына 14 855 адам өтініш түсірді. Оның ішінде 9 600 адам жұмысқа орналастырылды. Статистика бойынша, қаладағы жұмыссыздардың саны - 22 300 адам. Егер 2010 жылы елордадағы жұмыссыздық деңгейі 6,1 пайызды құраса, 2011 жылы ол көрсеткіш 5,8 пайызға дейін төмендеді», - деді А. Алтыбаева елордадағы еңбек нарығына жасаған баяндамасында.  

Статистика бойынша, әкімдік былтыр «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы аясында 1,6 мың жұмыссызды оқытуға және қайта даярлауға жіберді. Сондай-ақ, 300-ден астам адамды біліктіліктерін жоғарылату курстарына бағыттады.