12:16, 27 Наурыз 2009
Еңбек нарығында жұмыс күшіне сұраныс пен ұсыныс арасында алшақтық ұлғайып барады ? О. Мұхамеджанов
АСТАНА. Наурыздың 27-сі. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Еңбек нарығында жұмыс күшіне сұраныс пен ұсыныс арасында алшақтық ұлғайып барады.
Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде өткен техникалық және кәсіптік білім берудің мемлекеттік бағдарламасын заңнамалық қамтамасыз ету жөніндегі парламенттік тыңдау барысында палата Төрағасы Орал Мұхамеджанов осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Адам және еңбек ресурстарының деңгейіне жаңаша талап қойылып жатқан бүгінгі кезеңде республиканың әлеуметтік-экономикалық кешенін кадрлармен қамтамасыз ету мәселесі барлық билік органдарының қызметіндегі басым міндетке айналып отыр. Жалпы білім беру жүйесінде, сондай-ақ кадрлық әлеуеттің еселеп артуын қамтамасыз ету ісінде зор рөл атқаратын техникалық және кәсіптік білім беру саласы елдің қарқынды экономикалық дамуының аса маңызды факторы болып саналады. Кәсіптік білім берудің нақты бағдарын зерделей келе, бүгінгі күні ресурстық және қаржылық қамтамасыз етудің әлсіреуі, білім беру үдерісінің нашарлауы секілді келеңсіз құбылыстардың куәсі болып отырмыз. Еңбек нарығында жұмыс күшіне деген сұраныс пен ұсыныс арасында алшақтық ұлғайып барады. Кейбір салаларда жұмысшыларға және мамандарға деген қажеттілік зор болса, басқа экономика салаларына мүлдем қажет емес, онсыз да жеткілікті әрі артығымен даярлау орын алып отыр. Соның салдарынан кейбір аймақтарда жұмыссыздық өсуімен қатар, бірқатар өңірлер мен салаларда көптеген мамандық иелерінің тапшылығы тереңдей түсуде», - деді О. Мұхамеджанов.
Төрағаның айтуынша, маман тапшылығының экономикалық өсімге айтарлықтай әсер етіп отырғаны анық байқалуда. Оның үстіне Қазақстанда еңбек етуші шетелдік мамандар саны жыл сайын артып келеді. Спикердің түсіндіруінше, бұл Қазақстанда адам жетіспеушілігінен емес, «өз адамдарымыздың заманауи кәсіпорындарға біліктілігінің сәйкес келмеуінен» туындап отыр.