Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Ақтауға келді

АСТАНА. Маусымның 5-і. ҚазАқпарат. Бүгін, маусымның 5-де Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіхалықова екі күндік жұмыс сапарымен Маңғыстау облысына келді,

деп хабарлады ҚазАқпаратқа облыс әкімінің баспасөз қызметінен. Министр Ақтау қаласында Каспий теңізінің қазақстандық бөлігіндегі оффшорлық операцияларға қолдау көрсету мақсатында жағалау инфрақұрылымын дамытуға арналған «Ақтау оффшор-2009» форумына қатысты. Сонымен қатар, сапар аясында Г.Әбдіхалықова Ақтау қаласының еңбекпен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру бөлімі, Маңғыстау политехникалық колледжі, Ақтау тренинг орталығының ұжымдарымен кездесіп, жұмыссыздықты тежеу және мамандарды даярлау, қайта оқыту мәселелері жөнінде пікір алмаспақшы. Сондай-ақ, Министр аймақтық «Қанатты әйел» идеялар мен тауарлар жәрмеңкесіне қатысып, «Жол картасы» бағдарламасының аясында жүзеге асырылып жатқан облыстық көп салалы аурухана және №3 орта мектепті жөндеу жұмыстарының барысымен танысады, құрылысы аяқталуға жақын облыстық жүйке жүйесі ауруларына шалдыққан балаларға арналған интернат-үйінде болады. Әйелдер ісі және демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссияның қолдауымен 2009 жыл Маңғыстау облысында «Ана мен баланы қорғау» жылы деп жарияланған. Г.Әбдіхалықова Ақтау сапарының аясында ана мен баланы қорғау жылының шеңберінде өткен «Жан анам» атты қайырымдылық кешіне қатысады. Кешке Ескендір Хасанғалиев, Мақпал Жүнісова, Майра Ілиясова, Мәдина Сәдуақасова секілді сахна шеберлері қатысады. Концерттен жиналған қаражат Болат Сағыныш есімді сәбидің туа біткен жүрек ақауын шетелде емдету үшін ата-анасына тапсырылады.