Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі зейнетақы қорлары жұмыстарындағы түйткілдерді мойындады

АСТАНА. 24 қаңтар. ҚазАқпарат - ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Әбденов еліміздің зейнетақы жинақтаушы қорлары жұмыстарының тиімсіздігін мойындады.

Бүгін Астанада өткен брифингте министр Елбасының аталған қорлардың қызметіне қатысты сын тезінен кейін Үкімет Дүниежүзілік банктің сарапшыларымен бірлесе бұл қаржылық құрылымдардың 1998 жылдан бергі жұмысына талдау жасағанын жеткізді.

Шетелдік сарапшылар тексерулерден кейін бірқатар проблемаларды анықтаған көрінеді. Министрлік тарапынан салымшылардың есеп-шоттарының жағдайын зерделеу бастамасы көтеріліп, өз кезегінде есеп-шоттарды есептеулер тұрғысында түрлі түйткілдердің беті ашылды.

С. Әбденовтың сөзіне қарағанда, 700 мыңнан астам жеке зейнетақы есеп-шоттары қазіргі таңда пайдаланылмағаны белгілі болды. Бұл тұрғыда қайтыс болған адамдардың жинақтау шоттары, қоныс аударған азаматтардың, сондай-ақ мүгедектік тобы берілуіне байланысты төлемдер аударылмаған есеп-шоттар бар . Осы жұмыстың аясында зейнетақы жинақтаушы қорларына тиісті баға берілді.

Сөз соңында ол Президенттің Бірыңғай зейнетақы қорын құру туралы тапсырмасы зейнатақы жинақтаушы саласындағы ахуалға қатысты уақытылы жасалған қадам екенін атап өтті.