Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметінен хабарланды.
Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленген жаңа бағдарламаның басты мақсаты жұмыссыздар мен аз қамтылған өзін-өзі еңбекпен қамтыған қазақстандықтарды жұмыспен қамту, сол арқылы елдегі жұмыссыздық пен кедейлік деңгейін төмендету болып табылады. Бұл ретте ағымдағы жылдың екінші жартыжылдығында Жамбыл облысы бойынша ілкі режимде бағдарламаның екі бағытымен жалпы сомасы 816,7 млн. теңгеге 1656 адамды қамту жоспарланған. Бұндағы бірінші бағыт кәсіби даярлау және өз бетінше жұмыспен қамтылғандардың, аз қамтылған отбасылар мен жұмыссыздардың тұрғылықты жерлері бойынша қайта даярлау және біліктіліктерін арттыру курстарын өткізу жолымен халықтың еңбекпен қамтылуының өнімділігін, орнықтылығын қамтамсыз етуге бағытталады. Жұмыссыздар оқып, біліктілігін қайта арттырады. 1462 адам кәсіби білім курстарында оқыса, оның ішінде 637 адам кәсіби даярлықтан, ал 783 адам қайта даярлаудан өтеді. Біліктілікті арттыруға 42 адам жолданады, бұл бағыттағы қаржыландыруға 635,6 млн. теңге қарастырылған. Бүгінгі күні кәсіби білім беретін мекемелер мен оқуға кандидаттар толық анықталып, оқу үрдісі де басталып кетті.
Бағдарламаның екінші бағыты «Ауылдағы кәсіпкерлікті дамыту» бойынша облыстан 20 адам қатысатыны жоспарланған. Кандидаттарды кәсіпкерлік негіздеріне оқыту үшін 875 мың теңге қарастырылса, шағын несиеге - 20 млн. теңге, инженерлік-коммуникативтік инфрақұрылымдарды дамытуға 20 млн. теңге, бөлінеді.
Бағдарламаның үшінші бағыты «Еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру» бойынша экономикалық әлеуеті төмен ауылды елді мекендерде тұрып жатқан жұмыссыздарды, аз қамтылғандарды, сондай-ақ өз бетінше жұмыспен қамтылғандарды экономикалық әлеуеті жоғары орталықтарға көшіру мақсаты көзделеді. Осы санаттағылар үшін жалдамалы тұрғын үй мәселесін шешу қарастырылады. Бұл ретте экономикалық әлеуеті төмен 3745 адамы бар 12 елді мекеннен 535 отбасын көшіру жоспарланады. Экономикалық дамыған орталықтарға осы санаттағы отбасылар үшін 55 жеке тұрғын үйлер салынады. Бұған 516,4 млн. теңге жұмсау көзделген. 480 пәтерден тұратын 19 көпқабатты үй салуға 3 млрд. 337 млн. теңге жұмсалады. Ал ондай отбасыларды көшіруге 65,3 млн.теңге қарастырылады.
Бағдарламаның аталған 3 бағытын жүзеге асыру нәтижесінде 2011-2014 жылдар аралығында облыста 10235 адам жұмыспен қамтылып, бұл шараларға 8 млрд. 728 млн.теңге жұмсау көзделеді (жергілікті бюджеттің 10 пайызы). Осыған орай, 2015 жылға қарай бірқатар нысаналы индикаторларға қол жеткізу межеленеді. Атап айтқанда, жұмыссыздық деңгейі 5,5 пайыздан аспайды, ең төменгі күнкөріс деңгейінен табысы төмен жұртшылық үлесі 5,1 пайызға дейін азаяды, еңбекпен қамтылғандар арасындағы өзін өзі жұмыспен қамтығандар үлесі (288 мың адам - 52 пайыз) 3,6 пайызға төмендейді. Бағдарламаны жүзеге асыру есебінен еңбек өнімділігінің қосымша өсімі 23 пайызды құрайды.
Тоқтала кететін жайт, Жамбыл облысына сапары барысында министр Г. Әбдіқалықова жұмыссыз азаматтарды кәсіптік оқытып, одан кейін жұмысқа орналастыруды қарастыратын №1 кәсіптік лицейде болды, ондағы жұмыстармен танысты. Сондай-ақ министр Байзақ, Жамбыл аудандарының еңбекпен қамту орталықтарында болып, «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы: оны жүзеге асырудың негізгі қадамдары» тақырыбында семинар-кеңес өткізді.