Министрдің айтуынша, жаңа бағдарлама бірнеше бағытты қамтитын болады. «Атап айтқанда біріншіден, индустриялық‑инновациялық даму бағдарламасы шеңберінде салалардың еңбек ресурстарына қажеттілігінің мониторингі мен ғылыми негізделген болжамын қамтиды. Екіншіден, халықтың экономикалық белсенділігінің табиғи өсімін, ішкі еңбек ресурстары резервінің пайдаланылуы мен шетелдік жұмыс күшін тартуды ескере отырып еліміздің еңбек ресурстары теңгерілімін әзірлеу қарастырылады. Үшіншіден, адам ресурстарының сапасын арттыру және кәсіптік білім беру жүйесін жетілдіру, оның ішінде жұмыс берушілердің персоналды даярлауға және қайта даярлауға деген экономикалық уәждемесін пайдалана отырып жетілдіру көзделеді. Төртіншіден, өзін өзі жұмыспен қамтыған халықтың үлес салмағын төмендету және оның шарттарын оңтайландыру көзделеді. Жалпы жұмыспен қамту стратегиясы шеңберінде еңбек қатынастарын заңдастыру, аз қамтамасыз етілген және өзін өзі жұмыспен қамтыған халықты тиімді жұмыспен қамтуға жәрдемдесу жөніндегі Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарын әзірлеу және іске асыру қарастырылады», деді министр.
Бұдан бөлек, аталмыш бағдарламада еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру, жұмысқа орналасуға жәрдемдесу және халықтың нысаналы топтарына - жастарға, әйелдерге, зейнеткерлер мен мүмкіндігі шектеулі адамдарға және т.б. арналған жұмыспен қамтудың икемді нысандарын пайдалану шаралары да қамтылып отыр. Еңбек көші-қонын басқаруды жетілдірудегі еңбек ресурстарының сапасын арттыруға, экономиканың білікті жұмыс күшіне деген қажеттіліктерін қамтамасыз етуге, ұлттық еңбек нарығының икемділігін күшейтуге бағытталған шаралар да қарастырылады. «Бұған қатысты ұсынылып отырған жаңалықтар еңбекші мигранттар ағынының аражігін (шетелдік қызметкерлер, өзін өзі жұмыспен қамтығандар, маусымдық қызметкерлер) ажырату және олардың әрқайсысына қатысты қабылдау мен пайдаланудың сараланған шарттарын қолдану болып табылады. Мысалы, этникалық қазақтар мен отандастарымыздың қатарындағы білікті мамандарға өзінің мамандығы бойынша жұмысқа рұқсат өтініш берушіні осы немесе өзге жұмыс берушіге немесе қызмет түріне бекітпестен берілетін болады. Жалпы, бүгінгі күні тиімді жұмыспен қамтамасыз ету - бұл жаңа жұмыс орындарын ашу ғана емес, заманауи сападағы, еңбек жағдайлары қауіпсіз, техникалық жарақтандырылған және лайықты жалақысы бар жұмыс орындарын беру болып табылады»‑, деді министр.