Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі «Еңбек» бағдарламасы аясында жыл басынан бері жұмыспен қамту шараларымен 335 мың қазақстандық қамтылғанын хабарлады.
Дегенмен, бірқатар өңірлерде бағдарламаны іске асырудың қарқыны төмен екендігі байқалады: Нұр-Сұлтан қаласында - шағын несие, грант беру, жастар практикасы бойынша; Алматы қаласында - жастар практикасы және қоғамдық жұмыстар бойынша; Атырау облысында - тұрақты жұмыс орындарын құру бойынша.
Сондай-ақ «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында 6,3 мың жоба іске асырыла бастап, 153 мың жұмыс орны ашылғаны баяндалды.
Қостанай облысында жұмысқа орналастыру бойынша төмен қарқын тіркелді; басқа аудандардан келгендерге көтерме ақы төлеу бойынша Алматы қаласында, Түркістан және Ақмола облыстарында орындалмай отыр.
Премьер-Министрдің орынбасары өңірлердің әкімдіктерінің есептерін тыңдап, халықты жұмыспен қамту бойынша жұмысты жандандыру жөнінде жедел шаралар қабылдау қажеттігін атап өтті.
Сондай-ақ отырыста «Жұмыспен қамтудың жол картасы» жобаларының тиімділік өлшемдері бекітілді.
«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша біздің алдымызда Бағдарламаға бөлінген 1 трлн теңгені барынша тиімді пайдалану міндеті тұр. Әрбір жоба бойынша әлеуметтік-экономикалық тиімділік мұқият бағаланатын болады: қанша жаңа жұмыс орны құрылды, салық түсімдерінің өсу қарқыны, адамдардың тұрмыс сапасына әсері және т. б. Бағдарламаның тиімділігін Үкімет ерекше бақылауда ұстайды», — деп қорытындылады Е. Тоғжанов.