Еңбекақы қарызы бар 12 кәсіпорынның тең жартысының құрылтайшысы қала әкімдігі - БҚО
Сондай-ақ кәсіпорын басшыларының есебі тыңдалды.
Отырыс барысында мәлім болғанындай, облыс бойынша еңбекақы берешегінің жалпы сомасы 88471,9 мың теңгені құрайды. Үстіміздегі жылдың 1 сәуіріне дейін бақылау және әлеуметтік қорғау департаментінің мемлекеттік еңбек инспекциясы жүргізген 294 тексеріс нәтижесінде 721 құқық бұзушылық анықталған. Оның ішінде қызметкерге еңбекақы төлемеу бойынша 72 дерек белгілі болып, заңды және лауазымды тұлғаларға анықталған кемшіліктерді жоюға нұсқама берілген.
Бақылау және әлеуметтік қорғау департаментінің директоры Берікболат Нұржановтың мәлімдеуінше, облыстағы еңбекақы бережағы бар 12 кәсіпорынның тең жартысының құрылтайшысы қалалық әкімдік болып шықты. Алты мекеменің 278 қызметкерге бережағы 20,3 млн теңгені құрап отыр. Аталған мәселе бойынша қала әкімінің орынбасары Әлимұхаммед Құттымұратұлы баяндама жасап, бережақ мекемелердің әрқайсымен тікелей сөйлесіліп, орын алған мәселені әр түрлі жолдармен тез арада ретке келтіру қарастырылып жатқанын мәлімдеді.
«Қала әкімдігі жұмыс беріп, қаржыландырып отырғаннан кейін мұндай жағдай орын алмауға тиіс. Бұған дейін осы мәселені бірнеше отырыста қарадық. Бірақ көптеген мәселе айтылған күйінде қалып келе жатыр. Мысалы, «Уральскгордорстрой» ЖШС-ның берешегі екінші жылға кетті. Сондықтан бүгінгі отырыстың хаттамасымен қала әкіміне осы мәселелер бойынша тәртіптік шаралар алу жайында және облыс әкіміне қалалық үш жақты комиссия жұмысының сын көтермейтіндігі жөнінде комиссия атынан ұсыныс түсіреміз», - деді комиссия отырысында облыс әкімінің орынбасары Серік Сүлеймен.
Бұдан кейін облыс әкімінің орынбасары бережақ мекемелердің басшылары мен өкілдерін жеке-жеке тыңдап, есеп алды.
Бүгінгі таңда қарауындағы елудің үстіндегі қызметкерге 5 млн. 720 мың теңге бережағы бар «Уральскгордорстрой» ЖШС директоры Бейбіт Әлжанов түрлі сылтауды алға тартса, 10 қызметкерге 548,7 мың теңге берешегі бар «СПМК-123» ЖШС өкілі қарызын көп ұзамай өтейтіндігін білдірді.
«Коммунтехсервис» ЖШС 8 қызметкерге бережақ 222 мың теңгені мекеме мүлкін сату арқылы 1 айдың ішінде жаппақ.
«IGS CORPORATION» ЖШС 160 адамға бережақ 24 млн. 239 мың теңгені 16 сәуірге дейін толық өтейтінін мәлімдеді.
«ЖайықБизнесЦентр» ЖШС 3 млн. 175 мың теңге бережағын мекеме техникасын сату арқылы өтемек.
«Орал Құрылыс Жөндеу» МКҚ-ның бас директоры Серікқали Ізбасаров 22 қызметкерге бережақ 3 млн. теңгенің сәуір айында толық берілетінін жеткізді.
Жұмысшы-қызметкерлеріне 4 млн. 782 мың теңге қарызы бар «Горлифт» МКҚ-мен аталмыш мекеменің құрылтайшысы қала әкімдігі тікелей жұмыстанбақ.
4 млн. теңгеге жуық борышы бар «Казавтотранс» АҚ-ға да осы айдың аяғына дейін қарызды толық өтеу тапсырылды.
"Назарбаев Зияткерлік мектебінің" құрылысын жүргізіп жатқан «Металл бұйымдары» БӨК» ЖШС-ның еңбекақыға бережағы 41 млн. теңгені құрауда. Мекеме директоры Анатолий Павлов қарызды өтеу үшін Қазақстанның халық банкінен несие алу қарастырылып жатқанын жеткізді. Мекемеге қарыздн құтылу үшін осы айдың соңына дейін уақыт берілді.