Еңбекмині халықтың әл-ауқатын жақсартатын бағдарламаны іске қосқаны рас па

Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде таралған «Светлый путь» бағдарламасы туралы ақпарат шындыққа сәйкес келмейді, деп хабарлайды Еңбекмині баспасөз қызметі.

Белгісіз адамдар deepfake технологиясын қолданып, әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі инфлюенсерлермен бірлесіп «Светлый путь» бағдарламасын іске қосты деген жалған мәлімет берілген бейнеролик жариялап жатыр. Онда бұл бағдарлама азаматтарға пайда табуға және олардың әл-ауқатын жақсартуға мүмкіндік береді деп көрсетілген.

— Deepfake технологиясы жасанды интеллект көмегімен фото-, аудио- немесе бейнематериалда бір адамның бет-бейнесін екінші адамның түріне ауыстырып, синтетикалық контент жасауға мүмкіндік береді. Егер сіз осындай жағдайға тап болсаңыз, тексерілмеген дереккөздерден келген бейне және аудиожазбаларға сенбеуіңізді, оларды таратпауыңызды, сондай-ақ күмәнді сілтемелерге өтпеуіңізді сұраймыз. Бұл — жеке деректеріңіздің алаяқтардың қолына түсу қаупін болдырмау үшін маңызды. Жалған ақпарат тарату заң бойынша жазаланатынын естеріңізге саламыз, — делінген ведомство хабарламасында.

Бұдан бұрын ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі құрылымында 2025 жылы Жалған ақпаратқа қарсы күрес жөніндегі орталық іске қосылдғанын жазғанбыз.