Еңбекшілдер ауданында 180 гектар дала мен 15 гектар орман өртке оранды
10:29, 02 Қазан 2010
КӨКШЕТАУ. Қазанның 2-сі. ҚазАқпарат /Жанмұрат Жанайдаров/ - Ақмола облыстық төтенше жағдайлар департаментінен алынған жедел деректерге сәйкес, кеше күндізгі 13 сағат 8 минутта Еңбекшілдер ауданына қарасты «Отрадное орман шаруашылығы» мемлекеттік басқармаға қарасты далалық жер мен орман өртке шалдыққан.
Алдын ала болжамға сәйкес, күндізгі уақытта шаруа қожалықтарының бірі егістіктегі сабанды өртеп, келер жылға дайындық жасамақ ниет еткен көрінеді. Қатты желдің салдарынан мұның соңы өкінішті оқиғаға ұласып, 180 гектар алаң мен 15 гектар орманды тілсіз жау жайлап кеткен. Төтенше жағдайдың алдын алуға облыс аудандарынан 180 адам мен 15 арнайы техника жұмылдырылып, кешкі 19 сағат 25 минутта өрттің беті қайтарылды, түні бойы тілсіз жаумен арпалыс арпалыс жалғасып, өрт бүгін таңғы 8 сағат 30 минутта сөндірілген. Қазір тергеу амалдары жалғастырылуда.