«Мен еңбекті қорғау бойынша мамандарды даярлауға жасалған шолуды көрдім. Еңбекті қорғау жөніндегі бакалавриатқа мамандардың 0,01 бөлігі ғана түседі. Біздің ойымызша, Білім және ғылым министрлігі экономиканың нақты секторларына маман даярлайтын гранттарға арнайы тапсырыс беруі керек», - деді Талғат Доскенов ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде өткен дөңгелек үстелде.
Оның айтуынша, жұмыста жарақат алып, мерт болатын адамдардың басым бөлігі 24-28 және 45-55 жас аралығындағылар.
«Қауіпсіз еңбек» ақпараттық науқанын Жастар жылы аясында жасап отырғанымыз маңызды, себебі 24-28 және 45-55 жас аралығындағы жұмысшылар көбірек жарақат алады. Бұл мәселеге де баса мән берген жөн. Бүгінде бизнесте білікті кадрлер жетіспеушілігі байқалады, бұрынғы мамандар қартайып келеді. Мұның барлығы бизнестің қауіпсіз еңбек жағдайын жасамауымен, жастарды қызықтыратын лайықты жұмыс орындарын құрмауымен байланысты», - деді Т. Доскенов.
Оның айтуынша, 2018 жылы 672 мың қазақстандыққа зиянды ортада жұмыс істегені үшін өтемақы төленген.
«Өтемақы төлеу мақсатында 107 млрд теңге арнайы бөлінді. Бұл - 2016 жылғы көрсеткіштен 8% көбірек. Сондықтан, мемлекет пен бизнес жаңа өндіріс орындарын «Vision Zero» (жарақаттарға жол бермеу) ұстанымымен құруы тиіс», - деді Талғат Доскенов.