***
Кеше Ақордада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 21 жылдығына орай өзінің Жарлығымен мемлекеттік наградалар алған тұлғалардың бір тобына оларды өз қолымен тапсырды. Осы жайт арқау болған мақала «Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санында «Еңбектің еленгені - бақыт» деген тақырыппен жарық көрді. Салтанатты шара барысында Елбасы: «Қалыптасқан дәстүр бойынша біз жыл сайын мереке қарсаңында үздік еңбек еткен отандастарымызды марапаттаймыз. Олардың арасында түрлі салаларда: өндірісте, ғылым мен техникада, мәдениетте, спортта, құқық қорғау органдары мен әскери ұйымдарда жемісті қызметімен үлгі бола білген адамдар бар», - деп атап өтті. Сонымен қатар бүгінге дейін ерен еңбектің арқасында «Қазақстан-2030» Стратегиясының басым бөлігі мерзімінен бұрын іске асырылғандығын атап өткен Мемлекет басшысы 14 желтоқсан күні көп сарап пен дүниежүзілік тәжірибелерді зерделеу арқылы өмірге келген «Қазақстан-2050» бағдарламасын жариялайтынын жеткізді.
«Кеше Сенат Төрағасы Қайрат Мәмидің жетекшілігімен палатаның кезекті жалпы отырысы болып өтті. Депутаттар бұл жолғы жалпы отырыстың күн тәртібінде Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесіне қатысты заң жобасын талқыға салды. Сондай-ақ, кеше терроризмге қарсы іс-қимыл мәселесі де қаралды», - деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті бүгінгі санындағы «Ұрпақ тәрбиелеудің бірден-бір негізі - сапалы білім» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның атап өтуінше, мемлекеттік кепілдік беретін білім беру бойынша 3000 кредит қарастырылған. Ал мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі халыққа балаларын оқыту үшін қаржы жинауына жеңілдік жасайды және оқуға жұмсалатын шығындардың бір бөлігін мемлекет өз мойнына алады. Еліміздің кез келген азаматы болашақта оқуына қажетті сома жинақтау үшін ерікті түрде шот ашса, оған өзі немесе басқа да тұлғалар қаржы сала алады. Олар ата-ана, ұйымдар, тағы басқалар да болуы мүмкін. Алғашқы жарна 3 айлық есептік көрсеткіштен басталады. Келесі салымдар мен олардың мерзімін салымшы немесе басқа да енгізуші адамдар өздері анықтайды. Жинақталған қаржы үш бөліктен: салымшы немесе басқа адам салған ақша; банктің ай сайын ақшаны капиталға айналдыра отырып, сыйақы беруі және мемлекеттің сыйақысы. Сыйақы жинақталған ақшаның көлеміне қарай жыл сайын 5 пайыз болады деп күтілуде. Ал кейбір басымдық берілген адамдар топтары (жетім балалар, мүгедектер, көп балалы және табысы аз отбасылар) үшін 7 пайыз болады деп күтілуде.
***
Шетелдік интернет-казинолардың жұмысына тосқауыл қоя аламыз ба? Бұл сұрақ «Алаш айнасы» газетінің «Алашты алаңдатқан сауал» айдарында талқыға түседі. Сауалнамаға заң ғылымының докторы Марат Башимов, ҚР Білім және ғылым министрлігі Жастар ісі жөніндегі комитеті төрағасының міндетін атқарушы Нұрлан Өтешов және Мәжіліс депутаты Қабиболла Жақыпов жауап береді. «Интернет-казиноның жетегінде жүргендердің көпшілігі - жас жеткіншектер. Ал бұған кінәлі - ата-ана. Себебі интернет-казинода ойнау үшін міндетті түрде арнайы залға барудың керегі жоқ, сол интернет үйде де бар. Мәселе - интернет клубтарда емес. Бұл ойынды ойнау үшін алдымен банктік карточка керек. Демек, жастардың көпшілігі ата-анасынан ақша алып, карточка нөмірін пайдаланып, ақша аударып, ұтқан ақшасын да сол карточка арқылы алады деген сөз», - дейді Нұрлан Өтешов.
Қазір әлемнің көптеген елінде полиэтилен өніміне қарсы «соғыс» жүріп жатыр. Өйткені адам тұтынатын өнімнен әлденеше есе көп өндірілетін полиэтилен пакеттер қоршаған ортаның сәнін кетіріп, адамзатты ығыр етіп бітті. Бангладеш астанасында оны қолдануға нүкте қойылды. Тайвань да сөйтті. Германия, Ирландия, Италия, Сомали секілді елдер де солай жасады. Оңтүстік Африка Республикасы, Кения, Уганда өте жұқа полиэтилен қапшықтарды пайдалануды қойды. Біріккен Араб Әмірліктері қоршаған ортаға, әсіресе жануарларға, соның ішінде түйенің өміріне қауіп бар деген себеппен алдағы жылдан бастап ыдырамайтын пакеттерді біржола нарықтан алып тастауға белін бекем байлап отыр. Ал біздің елімізде былтыр полиэтилен пакеттерін өндіруді, пайдалануды қою керек деген ұсыныс айтыған, бірақ оған ешкім құлақ асқан жоқ. Мәселенің жай-жапсары «Алаш айнасы» газетінің бүгінгі санындағы «Полиэтилен қапшықтарына тыйым салу керек пе?» деген мақалада кеңінен баяндалады.
***
«Айқын» газетінің жұма күнгі нөмірінде Көліктегі ішкі істер департаментінің бастығы, полиция полковнигі Жанат Сүлейменовпен арадағы сұхбат жарық көрді. Басылым тілшісінің барлық сауалына тұщымды жауап берген ол: «Өркениетті елдер әлеуметтік-экономикалық қатынастарды реттеумен қатар, ел заңдарының орындалуына да зор маңыз береді. Өйткені қоғамдағы тұрақтылық пен темірдей тәртіп қана елді өркендетуге негіз бола алады. Азаматтарымыз полиция қызметкерлерін өздерінің басына қауіп төнген кезде ең бірінші көмекке келетін билік өкілі ретінде қабылдайды. Осындай сенімнің өзі-ақ біздерді белсенді әрі абыроймен жұмыс істеуге міндеттейді. Аттестаттау нәтижелері құқық қорғау органдарының қызметіне қабылданатын азаматтардың санына емес, керісінше, сапасына мән беру керектігін дәлелдеді»,- дейді.