Министрдің айтуынша, ведомство әлеуметтік-еңбек саласына цифрландыру мен жасанды интеллект технологияларын кезең-кезеңімен енгізіп жатыр. Негізгі мақсат — мемлекеттік қызметтерді азаматтар үшін барынша қолжетімді етіп, өтініш беру қағидатынан проактивті модельге көшу.
— Бұл модель аясында мемлекет азаматтың қолдауға мұқтаж екенін алдын ала анықтап, қажетті нәтижеге қол жеткізгенше сүйемелдейді, — деді Асқарбек Ертаев.
Осы бағыттағы негізгі жобалардың бірі — Әлеуметтік қорғау шараларының бірыңғай цифрлық платформасы. Жүйе әлеуметтік қолдау шараларын тағайындау, шешім қабылдау және төлем жүргізу процестерін біріктіреді.
— Бұрын азаматтар түрлі мемлекеттік органға жүгініп, қажетті анықтамалар мен құжаттарды жинап, олардың тексерілуін күтуге мәжбүр болатын. Енді бір ғана өтініш беру жеткілікті. Қажетті мәліметтер мемлекеттік ақпараттық жүйелерден автоматты түрде алынып, шешім қалыптасады және төлем жүзеге асырылады, — деп толықтырды министр.
Министрдің мәліметінше, биылғы маусымнан бастап платформа еліміздің барлық 20 өңірінде өнеркәсіптік пайдалануға енгізілген. Қазір оның аясында жергілікті атқарушы органдар көрсететін 13 әлеуметтік қолдау шарасы цифрлық форматта ұсынылып отыр.
Олардың қатарында емделуге және сауықтыруға берілетін көмек, гемодиализ аппаратын пайдаланатын І топтағы мүгедектігі бар азаматтарды қолдау, тірек-қимыл аппараты ауруларын емдеу, мүгедектігі бар балаларға көмек көрсету, созылмалы бүйрек жеткіліксіздігі бар адамдарды қолдау, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, санаторийлік-курорттық емдеу, коммуналдық қызметтер ақысын төлеу, тұрғын үйді күтіп ұстау, телефон үшін абоненттік төлем, тұрмыстық қажеттіліктер, қатты отын сатып алу және ақшалай көмек беру шаралары бар.
А. Ертаевтың айтуынша, тамыз айынан бастап әкімдіктер көрсететін мерекелік және атаулы күндерге арналған біржолғы төлемдер жасанды интеллект көмегімен тағайындалады.
— Жүйе төлем алушыларды алдын ала анықтап, тағайындау жобасын қалыптастырады. Ал төлемді тағайындау жөніндегі түпкілікті шешімді жергілікті атқарушы орган қабылдайды, — деді министр.
Сондай-ақ қыркүйек айында азаматтарға eGov Mobile қосымшасы арқылы өтініш беру мүмкіндігі ұсынылады. Ал қазан айынан бастап мемлекеттік қолдау шараларын азаматтардың нақты қажеттігі мен мұқтаждық деңгейіне қарай нысаналы түрде тағайындау үшін ЖИ құралдарын енгізу жоспарланып отыр.
Айта кетейік, бүгін Үкімет мүшелері жасанды интеллект негізіндегі мемлекеттік қызметтер экожүйесі бағытындағы жұмыстарды талқыға салады.