Енді Astana Hub-қа тіркелген компаниялар мүшелік жарна төлейді
АСТАНА. KAZINFORM — Мәжіліс Astana Hub пен Инновациялық технологиялар паркін біріктіру туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.
Құжатты депутаттарға таныстырған Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев аталған заң жобасы төрт негізгі блоктан тұратынын айтты.
Оның бірінші блогы Astana Hub пен Инновациялық технологиялар паркінің функцияларын бір жерде шоғырландыруға бағытталған.
— Мемлекеттік қолдаудың барлық шараларын Astana Hub инновациялық кластерлік қорына беру ұсынылады. Бұл экожүйенің тиімділігін күшейтеді. Заң жобасының мақсаты — IT-салада жоғары нәтиже көрсеткен Astana Hub үздік тәжірибелерін біріктіру ғана емес, сонымен бірге масштабтау, — деді ол.
Министрдің сөзінше, қазір Astana Hub-қа мүше заңды тұлғалар орталыққа тіркеліп, жұмыс істегені үшін кірісінің 1 пайызын ғана алым ретінде төлеп отыр. Енді осы алымның орнына мүшелік жарна тетігі енгізіледі.
— Қордың коммерциялық емес мәртебесіне сәйкес келу үшін және оны үлкен ашықтықпен қамтамасыз ету үшін «алымдар мен төлемдер» терминін «мүшелік жарналарға» ауыстыру ұсынылады. Осылайша салықты қалтадан қалтаға ауыстыру болмайды және инновациялық секторды қолдау үшін қосымша ресурстар пайда болады, — деді Жаслан Мәдиев.
Құжаттың үшінші блогы AstanaHub.com базасында ұлттық инновациялық жүйенің бірыңғай терезесін дамытатын цифрлық платформа жасақталады.
Төртінші блок стартап жобалардың портфелін бағалау нормаларын Бюджет кодексінен Кәсіпкерлік кодекске ауыстыруды көздейді.
— Қазір инновациялық, оның ішінде венчурлік қызмет Кәсіпкерлік кодексте регламенттелген. Сондықтан, жобаларды портфельдік бағалау бойынша қолданыстағы норманы Бюджеттік кодекстен Кәсіпкерлікке ауыстыру ұсынылады. Бұл норма венчурлық қорлардың жұмыс нәтижесін бүкіл инвестициялық портфельдің кірістілігі негізінде бағалауға арналған. Осылайша, өзгерістер техникалық сипатқа ие және заңнаманың жаңа редакциясында қолданыстағы тәсілді сақтауға бағытталған, — деді ведомство басшысы.
Айта кету керек, жыл басында Astana Hub резиденттерінің 90-нан астам елге IT-қызмет экспорттағаны белгілі болған еді.