Сервис тек әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақыларды алып жүрген азаматтарға қолжетімді. Ал мұндай төлемдерді алмайтын азаматтар сервисті пайдалана алмайды.
— Әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақылардан ерікті түрде бас тарту — азаматтың міндеті емес, тек өз еркімен қабылдайтын шешімі. Сервис ешқандай талап қоймайды және азаматтарға қатысты шектеулер енгізбейді. Бұл мүмкіндік азаматтарға өздерінің тұрмыстық жағдайы мен жеке жауапкершілігін ескере отырып, саналы таңдау жасауға жол ашады. Сервис, ең алдымен, мемлекеттік қолдауға мұқтаж емес, өз қажеттіліктерін өз бетінше қамтамасыз етуге мүмкіндігі бар табысы жоғары және әл-ауқаты жоғары азаматтарға арналған, — деп түсіндірді ведомство.
Барлық рәсім цифрлық форматта жүзеге асырылады. Сондықтан мемлекеттік органдарға барып, қағаз жүзінде өтініш толтырудың қажеті жоқ.
— Сервиске кірген кезде eGov Mobile қосымшасы қажетті мәліметтерді автоматты түрде тексеріп, азаматқа тағайындалған және төленіп жатқан барлық жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдердің тізімін ұсынады. Қандай да бір ақпаратты қолмен енгізудің қажеті жоқ. Егер азамат қандай да бір төлемнен бас тарту туралы шешім қабылдаса, ұсынылған тізімнен тиісті төлемді таңдап, әрекетін растауы және электрондық өтінішті жіберуі жеткілікті. Ал егер азамат бюджет қаражаты есебінен төленетін әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақыларды алмаса, жүйе бұл туралы хабарлама көрсетіп, сервисті пайдалануға мүмкіндік бермейді, — деп атап өтті мамандар.
Еңбек министрлігінің мәліметінше, әлеуметтік төлемнен немесе жәрдемақыдан ерікті түрде бас тарту азаматтың болашақта мемлекеттік қолдау алу үшін қайта өтініш беру құқығын шектемейді. Өмірлік жағдайы өзгерген жағдайда азамат тиісті төлемді қайта тағайындау жөнінде өтініш бере алады. Өтініш қолданыстағы заңнамада белгіленген тәртіппен және төлем тағайындау талаптарына сәйкес қаралады.
Сервисті әзірлеушілер оны азаматтар үшін барынша ыңғайлы етуге басымдық береді. Осы мақсатта қосымшаның өзінде кері байланыс қалдыру мүмкіндігі қарастырылған. Пайдаланушылар өз пікірлерін білдіріп, сұрақтарын жолдап, ұсыныстарын жібере алады. Сондай-ақ сервис жұмысына қатысты ескертулерін де қалдыруға болады.
— Азаматтарды сақ болуға және тек Еңбек министрлігінің ресми ақпарат көздеріне сенуге шақырамыз. Аталған сервис тек eGov Mobile ресми мобильді қосымшасында немесе eGov.kz порталында жұмыс істейді. Еңбек министрлігі мессенджерлер арқылы әлеуметтік төлемдерден бас тартуға арналған күмәнді сілтемелер жібермейді. Алаяқтардың арбауына түсіп қалмау үшін бөгде сілтемелерге өтпеңіздер. Кез келген қызметтің қолжетімділігін тек eGov жүйесіндегі жеке кабинет арқылы тексеріңіздер, — деп ескертті жауапты мекеме.
Осыған дейін eGov Mobile қосымшасындағы әл-ауқатты бағалау калькуляторы қалай жұмыс істейтінін жазғанбыз.