Енді eGov Mobile арқылы газ көрсеткіштерін онлайн жолдауға болады

АСТАНА. KAZINFORM — eGov Mobile-да газ есептегіш көрсеткіштерін жіберетін жаңа сервис іске қосылды, деп хабарлайды ҚР Электрондық үкіметінің баспасөз қызметі.

Фото: Электрондық үкімет

eGov Mobile мобильді қосымшасында газ есептегіш көрсеткіштерін онлайн түрде жолдауға мүмкіндік беретін жаңа QazaqGaz Aimaq сервисі іске қосылды. Сервис контролерді күтіп, қағаз құжат толтыру қажеттілігін жояды. Қосымша онлайн түрде жіберілген көрсеткіштердің дұрыстығын жасанды интеллект тексереді.

Аталған қызмет түрі уақытты үнемдеуге және нақты көрсеткіштерге сүйене отырып газ төлемін дәлірек есептеуге мүмкіндік береді.

Фото: QazaqGaz Aimaq

— Сервистің негізгі ерекшелігі — көрсеткіштерді жасанды интеллект арқылы автоматты тексеру. Жүйе есептегіштің фотосын енгізілген деректермен салыстырып, сәйкессіздіктерді жібермей тұрып анықтайды. Бұл қолмен енгізу кезіндегі дәлсіздіктерді болдырмайды, пайдаланушыны қате есептеулерден қорғайды және контролер тарапынан қосымша тексеру қажеттілігін азайтады, — делінген хабарламада.

Сервисті пайдалану үшін:

  • eGov Mobile қосымшасына кіру;
  • «Сервистер» бөліміне өтіп, «QazaqGaz Aimaq» сервисін таңдау;
  • деректерді ұсынуға келісім беріп, көрсетілген мәліметтерді тексеру;
  • жеке шот нөмірін енгізу, жүйе оған тіркелген есептегіштер тізімін көрсетеді;
  • қажетті есептегіш бойынша өзекті көрсеткіштерді енгізу;
  • әр есептегіштің фотосын жүктеу, жасанды интеллект деректерді салыстырады;
  • «Көрсеткіштерді жіберу» батырмасын басу.

Сервиске қосымшаның басты бетіндегі арнайы баннер арқылы да өтуге болады.

Көрсеткіштер ай сайын 25-інен келесі айдың 5-іне дейін қабылданады. Онлайн жолдау қолмен енгізу кезіндегі қателіктерді азайтады, газ тұтынуды дәлірек есепке алуға мүмкіндік береді және деректердің мемлекеттік цифрлық платформа арқылы қауіпсіз берілуін қамтамасыз етеді.

Бұған дейін Aitu мен eGov-қа тегін қолжетімділік заңмен бекітілетінін жазғанбыз.