Салық жүйесіне электронды сауда декларациясы енгізіледі
АСТАНА. KAZINFORM — Мәжіліс Еуразиялық экономикалық одақтың Кеден кодексі туралы шартқа электрондық сауданы реттеу бағытында өзгерістер енгізетін хаттамасын ратификациялау туралы заңды қабылдады.
Құжатты Премьер-министрдің орынбасары — Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин таныстырды.
2023 жылдың 25 желтоқсанында Ресейдің Санкт-Петербург қаласында өткен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысында Еуразиялық экономикалық одақтың Кеден кодексі туралы шартқа электронды сауда бойынша өзгерістер енгізу туралы хаттама бекітілген болатын. Мәжіліс осы хаттаманы ратификациялау туралы шешім қабылдап, Сенатқа жолдады.
Бұл құжат халықаралық пошта арқылы үшінші елдердің (ЕАЭО-ға мүше емес елдерден — ред.) интернет-платформаларынан жеке тұлғалардың атына жіберілетін тауарларды «электрондық сауда тауарлары» ретінде бөлек санатқа бөлуді көздейді.
— «Электрондық сауда операторы» ұғымын енгізу ұсынылып отыр. Сондай-ақ, электрондық сауда декларациясы деген жаңа түрдегі кеден декларациясы енгізіледі. Қазіргі таңда шетелдік интернет-платформалардан сатып алынатын тауарлардың құны 200 еуродан, салмағы 31 килограмнан аспаса, жеке пайдалануға арналған тауарлар санатына жатады. Осыған байланысты, аталған тауарлар ресми статистикаға енгізілмейді. Себебі сауда айналымына жатпайды. Электрондық сауда тауарларының барлық көлемін декларациялау шетелдік интернет-платформалардан сатып алынатын тауарлар туралы толық статистиканы құруға мүмкіндік береді, — деді вице-премьер.
Сондай-ақ, ол бұл құжат шетелдік интернет сауда платформаларына ғана міндеттеме жүктейтінін, ал Қазақстанның қарапайым тұтынушылары шекарадан бұрынғыдай тәртіппен кіріп-шығатынын түсіндірді.
Еске салсақ, Астана халықаралық форумында Еуразиялық экономикалық комиссияның экономика және қаржы саясаты министрі Бақытжан Сағынтаев ЕАЭО-ға мүше елдердің кедендік баж үлесін қайта қарау мәселесі неге кешеуілдеп жатқанын айтқан еді.