Енді науқас пен мемлекет дәрінің ақысын бірлесіп төлейді

Фото: Денсаулық сақтау министрлігі

АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Денсаулық сақтау министрлігі 2026 жылдан бастап амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудің жаңа тетігін іске қоспақ. Бұл туралы Дәрі-дәрмек саясаты департаментінің басқарма басшысы Jibek Joly арнасының «Бүгін LIVE» бағдарламасына берген сұхбатында мәлімдеді.

– Бірлесіп төлеу жүйесі бойынша пациент дәрі-дәрмектің белгілі бір мөлшерін төлейді, ал қалған бөлігі мемлекет қаржысы есебінен өтеледі. Науқастар Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен шекті баға мен өздері таңдаған препарат құнының арасындағы айырмашылықты ғана төлейді, – дейді Гүлдей Бегалиева.

Жаңа жүйе қазақстандықтардың өмір сүру жасын ұзартуға бағытталған.

– Бұл жобаның мақсаты – пациенттердің емделуге бейімділігін арттыру, олардың өмір сүру сапасын ұзарту, сондай-ақ мүгедектік пен өлім қаупінің алдын алу. Жобаның басты артықшылығы — пациенттерге дәрі-дәрмекті таңдау құқығы беріледі. Оған қоса амбулаторлық деңгейде дәрі-дәрмекпен тегін қамту жүйесі сақталады және қосымша науқастар жеке дәріханаларда өздері таңдаған дәрілік заттарды сатып ала алады, – дейді министрлік маманы.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, биыл артериалдық гипертензиямен ауыратын науқастарға баса назар аударылып отыр.

– Қазіргі уақытта амбулаторлық деңгейде 3 миллионнан астам пациент тегін дәрі-дәрмектен қамтамасыз етіліп жатыр. Оның ішінде 1,2 миллионы – артериалдық гипертензиямен ауыратын науқастарға арналған дәрі-дәрмектер, – дейді Дәрі-дәрмек саясаты департаментінің басқарма басшысы.

Айта кетейік, 2026 жылы амбулаториялық дәрі-дәрмекті жеке дәріханалар арқылы ұсыну мүмкін болады.