Қазақстандық әншіге айрықша құрмет көрсетіліп, концерт бойы көрермендер бірнеше мәрте бір дауыспен «¡Dimash hermano, ya eres mexicano!» деп ұрандатты.
Бұл — Мексика халқының ерекше ықыласына бөленген шетелдіктерге деген сүйіспеншілігі мен құрметін білдіретін танымал ұран.
«Димаш, бауырым! Енді сен — мексикалықсың!» деген сөздер «Бізге жақын әрі қымбат болғаның соншалық, сені өзіміздің біріміз деп қабылдаймыз» деген мағынаны білдіреді.
Димашты осылайша бауырына басқан жергілікті жанкүйерлер Қазақстанның мемлекеттік туларымен флешмоб ұйымдастырды. Көрермендер көтерген шағын жалаушалар аренаның ортасында тұтас көгілдір айдын іспетті көрініс қалыптастырды.
Мәдениеттер үндестігі мен халықтар арасындағы жақындық көрермендердің ән арасындағы үзілістерде өнерпазға табыстаған шағын сыйлықтарынан да байқалды. Мәселен, қолына Қазақстанның туын ұстаған мексикалық дәстүрлі шүберек қуыршақ осындай ықыластың бір көрінісі болды. Бұдан кейін Димаш та мексикалық тыңдармандарына музыкалық тарту жасап, махаббат әнұранына айналған испан тіліндегі «Historia de un amor» туындысын орындады.
«Жасасын Мексика! Жасасын Монтеррей!» деген әуезді ұрандар қазақ тіліндегі әндермен қатар көрермендердің ерекше қошеметіне ие болды. Димаш та тыңдармандарына жақындай түсуге ұмтылды. «Тау ішінде» әнін орындау кезінде залға түскен Димаш жанкүйерлерімен құшақтаса ән шырқады.
— Достар, біздің елдерімізді берік достық пен тамаша қарым-қатынас байланыстырады. Бүкіл әлемде де осындай қарым-қатынас орнасын, — деп тілек білдірді Димаш.
Осыдан кейін ол испан тіліндегі «Bésame mucho» әнінің тақырыбына құрылған музыкалық вариацияларды асқан шеберлікпен орындап берді. Ал келесі кезекте «Дурдараз» әнін шырқап, туған тіліндегі репертуарына қайта оралды.
Бейбітшілікке деген мызғымас ұмтылыс идеясы әншінің авторлық «The Story of One Sky» композициясында жалғасын тапты. Димаш бұл туындыны бар жан-тәнімен орындап, тыңдармандарын терең тебіреніске бөледі. Ал көрермендер композитор әрі әнші Димаш Құдайбергенге орындарынан тұрып қол соқты.
— Музыка да — қару. Алайда оны ізгі мақсаттарға пайдалануға болады. Мен әрдайым нашар ұлт ешқашан да болмайтынын айтып жүремін. Соғыссыз әлемді армандаймын. Әлемде әлі де бейбіт өмірді аңсайтын балалар көп… Біз — бақытты жандармыз, өйткені бейбіт өмір сүруге мүмкіндігіміз бар. Көптеген адам біздің орнымызда болуды армандайды. Жаратқанның рақымымен сіздердің алдарыңызда өнер көрсетіп, осы мәселе туралы айтуға мүмкіндігім бар. Сіздерге мың алғыс! — деді өнерпаз.
Бұдан бұрын Димаштың Мексикадағы концерті қарсаңында жанкүйерлер бас қосқанын жазғанбыз.