Ведомствоның мәліметінше, жаңа платформа қызметтік-жауынгерлік іс-әрекеттің негізгі көрсеткіштерін жинақтап, талдап, командирлердің объективті рейтингін қалыптастырады.
Енді әскери бөлімдердің қызметіне қатысты барлық ақпарат бірыңғай жүйеде өңделеді. Бұл нақты уақыт режимінде жоғары нәтижелер көрсетілген бағыттарды анықтауға және қосымша басқарушылық шешімдерді қажет ететін салаларды жедел бақылауға мүмкіндік береді.
– Платформа Ұлттық ұланның ақпараттық порталында орналастырылған және бағалаудың төрт негізгі бағытын қамтиды: қызметтік-жауынгерлік және жауынгерлік дайындық, тәрбие жұмысы, техникалық және тылдық қамтамасыз ету, сондай-ақ мемлекеттік құпияларды қорғау деңгейі, – деп хабарлады Ұлттық ұланның баспасөз қызметі.
Жаңа жүйені енгізудің маңызды нәтижелерінің бірі – қағаз құжат айналымының қысқаруы. Бұған дейін қажетті көрсеткіштер әртүрлі көздерден жиналып, қолмен өңделсе, қазір барлық мәлімет бірыңғай ақпараттық кеңістікте шоғырландырылған.
Цифрлық платформа деректерді автоматты түрде өңдеп, талдау жүргізеді және қорытынды нәтижені рейтинг түрінде ұсынады. Бұл басқару үдерістерінің тиімділігін арттырып, командирлердің уақытын үнемдеуге мүмкіндік береді.
– Әрбір командир порталдағы жеке кабинетінде өз бөлімінің қызметінің барлық негізгі бағыттары бойынша көрсеткіштерін қадағалай алады. Ал құқықтық тәртіп әскерінің басшылық құрамы әскери бөлімдердің жай-күйі туралы объективті ақпарат негізінде жедел шешім қабылдау мүмкіндігіне ие болады, – делінген хабарламада.
Ведомствоның мәліметінше, «Басшының рейтингтік платформасы» Ұлттық ұландағы цифрлық трансформацияның кезекті кезеңі саналады. Жүйе басқару үдерістерінің ашықтығын арттырып, әскери тәртіпті нығайтуға және әскерлерді басқарудың тиімділігін жаңа деңгейге көтеруге бағытталған.
Айта кетейік, Ұлттық ұланда әрбір 10-шы сарбаз келісімшарт бойынша әскери қызметте қалады.