Енді зейнетақы жинағын 100% жеке компанияға беруге болады

АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстанда зейнетақы жинағын басқару жүйесіне үлкен өзгеріс енгізілгелі жатыр. Енді азаматтар өз ақшасын Ұлттық банктен алып, толықтай жеке компанияларға бере алады. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Нұржан Тұрсынханов мәлімдеді.

Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

Бұрын жинақтың тек жартысын ғана жеке басқаруға беруге болатын. Енді салымшы өз ақшасын 100% жеке компанияға аудара алады.

Ең басты қорқыныш «ақшамды жеке компанияға берсем, үй алуға немесе емделуге шекті деңгейден асқан ақшамды пайдалана алмай қаламын ба?» деген сұрақ еді.

Енді бұл кедергі жойылады. Жеке компаниядағы ақша да Ұлттық банктегідей тең дәрежеде есептеледі.

Сондай-ақ жаңа «мультипортфель» жүйесі енгізіледі. Жастар өз ақшасының 80%-на дейін табысы жоғары акцияларға салып, жинағын тез көбейтуге мүмкіндік алады.

Ал зейнетке жақындағандар үшін тәуекелі аз, сенімді портфельдер ұсынылады.

- Біз салымшының өз ақшасын еркін басқаруына мүмкіндік бергіміз келеді. Ол Ұлттық банк пен жеке компания арасында таңдау жасағанда, бұл оның жинағының бір бөлігін үй алуға немесе емделуге пайдалану құқығына әсер етпеуі тиіс. Бұл зейнетақы активтерін басқарудағы мемлекеттік монополияны жоюға жол ашады, - деді Нұржан Тұрсынханов.

Айта кетейік, бұған дейін зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын алу талабы қатаңдатылатынын жазған едік.