Енді жеке қаражатқа түсірілген фильмдер де прокат алдында сараптамадан өтеді
АСТАНА. KAZINFORM — Елімізде «Кинематография туралы» заңға өзгерістер енгізу бойынша ұсыныстар әзірленді. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрлігі мәдениет комитеті кинематография басқармасының жетекшісі Ғани Мұратов мәлім етті.
— Мемлекет басшысы биыл Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайда айтқан тапсырмасына сәйкес, Мәдениет және ақпарат министрлігі «Кинематография туралы» заңға өзгерістер енгізу бойынша ұсыныстар әзірледі. Бұл өзгерістерге жеке қаражат есебінен түсірілген фильмдерді қоса алғанда, прокат алдындағы сараптамадан өткізу мәселелері кіріп отыр, — деді Ғани Мұратов елордада отандық фильмдер тақырыбына арналған баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, қазір аталған түзетулер келісу сатысында.
— Отандық кино жылдам дамып келеді және дербес индустрия ретінде қалыптасты. Біздің стратегиялық мақсат — Қазақстанды Орталық Азиядағы киноөндіріс орталығына айналдыру. Осы мақсатта біз мемлекеттік қолдау жүйесін жетілдіруді және кино индустрияның негізгі қатысушыларын нығайтуды жалғастырамыз, — дейді ол.
Бұған дейін енді елімізде прокатқа шығатын фильмдер қатаң бақыланатыны туралы жазған едік.
Айта кетейік, Қазақстанда киноға прокат құқығын берумен айналысатын сараптамалық комиссия құрылуы мүмкін.