Эндаумент қорға шетелдіктер донор бола ала ма

Фото: Фото: Александр Павский/ Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Мәжілістегі баспасөз мәслихатында эндаумент қорды сепаратистік мақсатқа пайдаланудың тәуекелдері туралы пікір білдірді.

— Эндаумент қорға шетелдіктер мен шетелдік үлесі бар компаниялар, қаржы ұйымдары донор бола ала ма? Қазақ тілін дамытуға арналған эндаумент қордың үлгісімен елдегі 130 этностың өкілдері өз тілдерін дамыту қорын құрамыз десе, шектеу бола ма? Бұл сепаратистік пиғылдарды өршітпей ме, — деп сұрады журналист.

Министр өздері әзірлеген заң жобасында ондай тәуекелдерді барынша ескерілгенін айтты.

— Эндаумент қоры білім, ғылым, бұқаралық спорт саласында ғана құрылады. Дінге, ділге, басқа салалар үшін заңда шектеу көзделген. Ал салымшылар тек Қазақстан азаматтары мен қазақстандық заңды тұлғалар ғана бола алады. Ол жағын ескердік, шетелдік басқа қорларды шектедік. Құрылтайшылар да, салымшылар да шетелдік бола алмайды, — деді министр.

Ведомство басшысы эндаумент қор құруға тілмен байланысты шектеулер жоқ екенін айтты.

— Заңның аясында шектеу жоқ. Бірақ эндаумент құруға рұқсат беретін басым бағыттардың ішінде тілді дамыту мәселесі жоқ. Тілді ғылыми зерттеу тұрғысынан ғана қарастыруға рұқсат етілген. Тілді дамыту басым бағыт ретінде белгіленбеген, — деді Саясат Нұрбек.

Айта кетейік, бүгін Мәжіліс эндаумент қор туралы заң жобасын мақұлдады.