Өз кезегінде Үкімет басшысы Серік Ахметов алдын ала бұндай құқық ведомствоға берілетінін және осындай шешім қабылданатынын қадап айтты.
Тұрғынүйқұрылысжинақ жүйесі арқылы іске асырылатын баспана құрылысына 2013 жылы республикалық бюджеттен жергілікті атқару органдарына 29,4 млрд. теңге несиелік қаржы бөлінді. Оның 27,9 млрд. теңгесі немесе 95 пайызы игерілді (игеру мерзімі 2 жыл).
«Маңғыстау облысынан басқа несиелік баспананы тапсыру бойынша жылдық жоспарды барлық әкімдіктер орындады. 320 мың шаршы метр несиелік тұрғын үй салынды немесе жылдық жоспарға 122,8 пайызды қамтыды. Алайда, өткен жылдардағы бекітілген кестеден қалыс қалған құрылыс қарқынын толығымен қамту мүмкін болмады. Осыны ескере отырып жоспарды орындау 74 пайызды құрады», - деді министр. Бұдан бөлек Б. Жәмішев тұрғын үй құрылысы аудандарындағы инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым құрылысы мәселесіне тоқталды. 2013 жылы бұл бағытқа республикалық бюджеттен 40,1 млрд. теңге мақсатты трансферттер бөлініп, оның ішінде 39,7 млрд. теңгесі немесе 99 пайызы игерілген екен. Министр өңірлер жалға берілетін баспана мен инженерлік желілер құрылысына бөлінген қаржыны игермеген жағдайда, келісімге «қаржыны игеремеген жағдайда біржақты тәртіпте тәркілеу» туралы тармақты енгізу жоспарланып отырғандығын сөз етті.