СҚО ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, заңнамада жас шамасы өзгертілген. Енді өзін-өзі қорғау үшін тек 18 жастан бастап қана газды не электрлі қаруды иеленуге құқық берілген. Тегіс ұңғылы аңшы қаруына 21 жастан бастап рұқсат берілсе, ойық қаруды 3 жыл аңшылық тәжірибесі барлар және 24 жастан асқан азамат қана ала алады.
Медициналық талаптар да қатаңдатылды. Зорлық-зомбылыққа және құмар ойындарға бейімділіктің болуын анықтау үшін қазір 5 жылда бір рет психологиялық тестілеуден өтуді енгізу қарастырылып жатыр.
«Медициналық қарсы көрсетілімдері бар, сондай-ақ бірнеше құқық бұзушылық жасағандарға қару иелену рұқсатын тоқтату мүмкіндігі енгізілмек. Заңсыз қару және заңсыз есірткі айналымымен байланысты ауыр және аса ауыр қылмыстар, сондай-ақ террористік, экстремистік қылмыстар жасағаны үшін жауапқа тартылған адамдарға, соның ішінде жазасын өтеп шыққандарға да қару ұстауға өмір бойына тыйым салынған. Заңды тұлғаларға қаруды атуға жарамсыз жағдайда сақтау міндеттемесі енгізіледі», - дейді тәртіп сақшылары.
Қылмыстық және әкімшілік заңнамаға жаңа түсініктер енгізіледі: оқсыз атылатын қарудың негізгі (құрамдас) бөліктері азаматтық қаруға жатқызылады. Лақтырылатын, оқсыз атылатын, белгі беретін қаруларды және олардың негізгі (құрамдас) бөліктерін заңсыз пайдаланғаны, сондай-ақ елді мекендерде қаруды, оның ішінде оқсыз атылатын қаруды заңсыз қолданғаны үшін қылмыстық және әкімшілік жауапкершілік көзделген.
Заңнамаға енгізілген өзгерістер туралы adilet.zan.kz ҚР нормативтік құқықтық актілерінің ақпараттық-құқықтық жүйесінен, СҚО ПД Әкімшілік полиция басқармасының Facebook және Instagram әлеуметтік желілеріндегі аккаунттарынан, сондай-ақ басқарманың 8 (7152) 49-37-43 немесе Петропавл қаласы ПБ әкімшілік полиция бөлімінің 8 (7152) 49-32-34 телефоны арқылы толық білуге болады.
Фото: sfchronicle.com