Комитет төрағасының айтуынша, геологиялық барлау бойынша негізгі жұмыстардың бірі өткен жылдардағы материалдарды зерделеу болып табылады. «Бұл ретте шығындарды есептеудің бонитетті жүйесін енгізу жоспарланады. Осының арқасында геологиялық ақпараттың құнын айқындау мерзімі 240 күннен 1 күнге дейін қысқарту мүмкін болады. Соған байланысты арнайы Үкімет қаулысына қол қойылған», - деді Б. Нұрабаев. Осыған орай, комитет төрағасы ақпараттық бағыттың басымдығын атап өтті. Оның айтуынша, кез-келген инвестор немесе геологиялық барлау жұмысына қызығушы тарап ең алдымен өткен жылдардағы ақпараттармен танысуға мүдделі. «Проблемалық мәселенің бірі осы болатын. Соны былтырдан бері қолға алып, арнайы жұмыстар атқардық, министрдің жүктеген міндеттері толық жүзеге асты. Геологиялақ ақпараттар алу үдерісі оңайландырылып келеді»,- дейді комитет басшысы. Оның сөзіне қарағанда, бүгінгі күні бос территориялар бойынша геологиялық есептеулер 1 айлық есептік көрсеткішке тең сомаға ұсынылады. Сонымен қатар, бонитеттік жүйе негізінде шығындарды есептеуге қатысты жер қойнауын пайдаланушылардың 105 нысаны бойынша конкурстар өткізу жоспарланған. Мұнда да конкурстық үдерістер жеңілдетіледі.