Енді халық қосымша келісулерді күтпестен жедел ақпарат алатын болады - Дәурен Абаев

АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекеттік органдардың жедел ақпараттық әрекет ету стратегиясын жетілдіру аясында ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігі ҚР Ішкі істер министрлігімен бірге жаңа іс-әрекеттер алгоритмін әзірледі.

Іс-әрекеттер алгоритміне сай, қандай да бір ақпарат қосымша келісімді күтпестен, азаматтарға бұрынғыдан тезірек таратылатын болады.

Бұл туралы Фэйсбук әлеуметтік желідегі өзінің жеке парақшасында ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев мәлім етті.  

Ақпарат министрі өз әңгімесін «Радиоточка» порталындағы «Перестрелка в Алматы: очередной информационный провал власти» атты материалға қатысты пікір білдіруден бастады.

««Радиоточка» порталында жарық көрген «Перестрелка в Алматы: очередной информационный провал власти» атты мақаланы қызыға оқып шықтым.

«Мақалаға жазылған сарапшылардың жекелеген сөздерімен келісемін. Бұл трагедия ақпараттық әрекет ету бағыты бойынша бірқатар өзекті проблемалардың бар екенін көрсетті, оны жасырмаймын. Қазір маңыздысы - бұл оқиғадан дұрыс сабақ алып,  қажетті шараларды қолға алу»,-дейді Д.Абаев.

Дегенмен, ақпарат министрі мақаланың тақырыбындағы «ақпараттық  құлау» туралы пікірмен келіспейтінін айтып отыр.

«Дегенмен, «ақпараттық сәтсіздік» туралы пікір шынайы көріністі дұрыс сипаттамай тұрғанын және бұлай деу әділетсіздік екенін айтқым келеді.

Мақаланың өзінен мысал келтірсем, мысалы, мақала авторы атыс басталған сәттен бастап, азаматтар Ішкі істер министрлігінің ресми баспасөз хабарламасы шыққанға дейін үш  сағат (!) бойы ақпараттық сергелдеңге салынды деп жазады.

Алайда, журналист қалалық Ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі әлдеқайда ерте (сағат 12.28-де) халыққа антитеррорлық операция жүріп жатқанын, үйден шықпай, халық көп жиналған жерге бармауын ескертті деп жазуды ұмытып отыр. 15 минуттан кейін қала бойынша терорлық қауіптің қызыл деңгейі жарияланды.

Баспасөз хабарламасы қажетті ақпарат жиналып, тексерілгеннен кейін бірден жарияланды»,-деп түсіндірген Д.Абаев.

Бұл ретте министр жалған ақпарат көп таралған соң, оны тексеруде де көп уақыт кеткенін ескертіп отыр.

«Өздеріңіз түсініп отырғандай, жалған ақпараттың таралуы жұмысты қиындатты, себебі оны тексеру үшін  жауапты адамдардың күші, уақытша ресурстар жұмсалды. Осындай іс-әрекет үшін отандық құқық нормаларына сай, жауапкершілік жүктеледі және осындай жағдайда Заңға ермеудің еш себебін көріп отырған жоқпын»,-деді Д.Абаев.

Министр 18 шілде күні таңғы сағат 10.50 шамасында Алматыда басталған атыс туралы сағат 11.00-де естігенін айтып отыр.

«Министрліктің уәкілеттілігіне қарасты мәселелердің барлығы жедел түрде қаралды. Халыққа телеарналар профилактикалық жұмысқа байланысты үзілісте екені жедел айтылып, интернет сайттар қолжетімді екенін хабарладық. Сонымен қатар, телеарналарды тез арада эфирге қосу шараларын қолға алдық»,-дейді Д.Абаев.

Д.Абаев мәлім еткендей, Ақпарат және коммуникациялар қызметі Ішкі істер министрлігімен бірлесе ақпаратты растау уақытын қысқарту мәселесін пысықтаған. 

«Мемлекеттік органдардың жедел ақпараттық әрекет етуі жөніндегі стратегияны жетілдіру үшін қазір біз ҚР Ішкі істер министрлігімен бірге іс-әрекеттер алгоритмін әзірледік. Оған сәйкес, халыққа ақпарат қосымша келісулерді күтпестен, барынша жедел таратылады»,-деп түсіндірді Д.Абаев.

«Сөз соңында айтайын дегенім, ведомствоның жұмысын жетілдіру үшін сындарлы ұсыныстың барлығы маңызды. Және сіздердің қолдауларыңызға сенеміз»,-деді Д.Абаев.