Енді прокурорлар 30 күннен артық тексермейді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Енді прокурорлар 30 күннен артық тексермейді. Бұл туралы ҚР Бас прокуроры Жақып Асанов Мәжілістің жалпы отырысында мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазір прокурор қанша тексеремін десе де, уақыты шектеусіз. Кейбір тексерулер бір жылға дейін жалғасады. Өйткені талап жоқ. Енді оның мерзімі 30 күн ғана болады, кей жағдайда оны тек бір айға ұзартуға мүмкін  болады»-деді Ж. Асанов.

Оның сөзіне қарағанда, заң жобасында тексерілетін субъектілердің құқықтары шегелеп көрсетілген. Бұрын тексеруге жататын субъектілердің құқықтары қолданыстағы заңда қамтылмаған.

«Қолданыстағы заңда «прокурордың міндеті» деген бап мүлдем жоқ. Онда құқық пен құзыреттілік ескерілген. Заң жобасында барлығын ашып жаздық. Басты міндетіміз - халықтың сеніміне қызмет ету» - деді Бас прокурор.

Жақып Асанов енді прокурор өз бетінше бизнесті тексере алмайтынын айтқан болатын . 

«Бұрынғыдай басы мен аяғы жоқ тексеру тоқтайды. Қазір ІТ-технология дамып бара жатыр. Кез келген заң бұзушылыққа кабинеттен шықпастан талдау жасап, соны анықтауға болады. Ол үшін білім мен біліктілік керек. Бұл норманың жақсылығын ең алдымен кәсіпкерлер сезінеді. Енді прокурор өз бетінше бизнесті тексере алмайды. Қылмыс болмаса, ешбір прокурор араласа алмайды», - деді ол.

Айта кетейік, Мәжілістің жалпы отырысында палата депутаттары «Прокуратура туралы» заң жобасын мақұлдады. Аталған заң жобасында жоғары қадағалаудың шектері мен нысандары айқындалған, оның негізгі бағыттары нақтыланған, мемлекеттік органдар мен кәсіпкерлік субъектілер қызметінің заңдылығын сақтау үшін жоғары қадағалаудың шекаралары белгіленді.