Енді жолақыны ұялы телефон арқылы төлеуге болады

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2014 жылдың аяғынан бастап мәскеулік автобус, троллейбус және трамвай жолаушылары жолақысын ұялы телефон арқылы төлей алады. Бұл туралы Мәскеу көлік департаменті көздеріне сілтеме жасай отырып, «Известия» газеті хабарлады.

Ұялы телефон арқылы ақы төлеу үшін олардың арнайы SIM-карталары болуы қажет. Жолаушы өзінің осындай SIM-картасы бар телефонынан хабарлама жібереді, артынша оның телефонына электрондық билет келеді. Содан кейін аппаратты валидаторға қосу қажет, айдың аяғында абонент есебінен жол ақысына жұмсалған сома есептелініп алынатын болады.

Көлік департаменті жүйені сынақтан өткізген және үш ірі ұялы байланыс операторларымен («ВымпелКом» (Beeline), МТС және «МегаФон») келіссөз жүргізген, олар жобаға қатысуға тілектерін білдіріп отыр.

Дереккөздің айтуынша, осы жылдың сәуірінде қажетті бағдарламалық қамтамасыз етуді әзірлеуге конкурс жарияланады, ал желтоқсанда жобаны іске қосу жоспарлануда - ол үшін бюджеттен 9 млн. рубль қаражат бөлінген.