Ендігі жерде мемлекеттік органдардың web-сайтында заң жобаларын жариялау міндеті көзделіп отыр
Сол арқылы заң жобаларының ережелерін қоғамдық бірлестіктермен, үкіметтік емес ұйымдармен және бұқара халықпен талқылау қамтамасыз етіледі. Осындай түсінік берген Үкімет «Нормативтік құқықтық актілер туралы» заңға жаңа толықтырулар енгізуді көздейтін заң жобасын ҚР Парламенті Мәжілісіне берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Әзірленетін заң жобаларында заңға тәуелді нормативтік- құқықтық актілерді әзірлеу туралы ережелер жиі көзделеді. Дегенмен, Үкіметтің пайымдауынша, әзірлеуші мемлекеттік органдардың барлығы бұл нормативтік- құқықтық актіге қандай ережелер енгізілетінін біле бермейді. Осыған орай норма шығару қызметін сапалы жүргізу және мемлекеттік органдардың артық норма шығаруын болдырмау мақсатында заң жобасында оны іске асыруға қатысты барлық нормативтік- құқықтық актілерді ұсыну ережесі енгізілмек.
Заңнамалық бастаманың барлық субъектілерінің заң техникасы ережелерін біркелкі қолдануы мақсатында заң техникасын «Нормативтік құқықтық актілер туралы» Қазақстан Заңына қосымша ретінде ресімдеу ұсынылған.
Заң жобасын қабылдау келеңсіз әлеуметтік-экономикалық салдарға әкеп соқпайды және мемлекеттік бюджеттен қосымша қаржы шығындарын талап етпейді.