Энергетика министрі елдегі бензин бағасына түсінік берді

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда бензин мен дизель отынының қоры жеткілікті. Бұл туралы Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов мәлім етті.

Фото: Ағыбай Аяпбергенов/ Kazinform

— Қазір жанар-жағармай қоры жеткілікті. Бензин қоры 36 күнге, ал дизель отыны 34 күнге жетеді. Осы көлемді ескере отырып, отын нарығының тұрақтылығын қамтамасыз етуге қауқарлымыз, — деді Е. Ақкенженов Парламент Мәжілісінің жалпы отырысынан кейін тілшілер сұрағына жауап бере отырып.

Оның айтуынша, Энергетика министрлігі жағармай бағасына үнемі назар аударып отыр.

— Отын бағасы бірден 50-100 теңгеге шарықтайды деген уәж шындыққа жанаспайды. Жағдай бақылауда. Қажет болған жағдайда, министрлік міндетті түрде тиісті шара қабылдайды, — деді ведомство басшысы.

Еске салсақ, бұған дейін Энергетика вице-министрі Ерлан Ақпаров бензин бағасы біртіндеп көтерілуі мүмкін екенін айтқан еді.