Энергетика министрі: Қарашығанақ газ өңдеу зауытын салуға кемінде 2,5 млрд доллар керек

Фото: Энергетика министрлігі

АСТАНА. KAZINFORM — Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Мәжіліс кулуарында Қарашығанақ газ өңдеу зауытын салу неге сонша қымбатқа бағаланып отырған түсіндірді.

— Қазір біз Қарашығанақ газ өңдеу зауытын салу мәселесін талқылап жатырмыз. Бұл жерде ілеспе газды өңдеу сөз болып отыр. Құрылыс құны 2,5 млрд доллардан басталады. Неге? Өйткені ол газдың құрамында күкірт пен өзге де қоспалар өте көп. Оны өңдемей тұрып, өндіріске дайындау керек. Бұл өзі өте «майлы» газ. С1, С2, С3, С4 фракцияларына үлкен өндіріс кешені керек. Ал ол көп ақшаны қажет етеді. Сондықтан жерден тегін шығып жатқан газды өңдей алмай отырмыз дейтін уәждер қате пайым деп айта алам, — деді Ерлан Ақкенженов.

Еске салсақ, биыл жазда Қарашығанақ акционерлері газ өңдеу зауытын салуға Қазақстаннан қосымша $1 млрд талап еткені мәлім болған. 

Кейін Энергетика министрлігі бұл жоба кен орнының акционерлері мен мемлекет арасындағы Өнім бөлісу келісімі аясында іске асырылмайтынын мәлімдеді. 

Ведомстводағылар жобаның инвестициялық келешегіне қатысты түпкілікті шешім 2025 жылдың қазан-қарашасында қабылданатынын айтқан. 

Ал өткен демалыс күндері «Газпромның» Орынбор газ өңдеу зауытына Украина дрондары шабуылдап, салдарынан зауыт Қарашығанақ кен орнынан шикі газ қабылдауды уақытша тоқтатқан

Ресми мәлімет бойынша, Орынбор зауыты бүгін Қазақстан газын қайта қабылдай бастаған