Энергетика министрі Владимир Школьниктің айтуынша, қазір қазақстандық нарықта сұйытылған мұнай газын жеткізу тетігінде бірқатар проблемалар орын алған. «Желілік газ тарату компанияларына, ұйымдарға әлеуметтік газдан басқа, сұйытылған газдың экспортына рұқсат берілген болатын. Алайда, біздің елімізден коммерциялық әлде әлеуметтік газдың қайсысы экспортталып жатқанын нақты қадағалау мүмкін болмай отыр. Заң бойынша желілік ұйымдардың сұйытылған мұнай газын көтерме саудамен экспорттауға рұқсат берілген. Егер оны сатып алушының автоқұю бекеттері болса, сатып алу-сату үдерісінде оның алған газы қайта рәсімделеді. Сөйтіп, әлеуметтік газ экспортқа шығып жатыр», - дейді министр.
Осыған орай, Энергетика министрі сұйытылған мұнай газын елден тысқары шуғаруға тыйым салуды ұсынады. Бұдан бөлек, министр қолданыстағы заң талаптарын сақтамай, оны өрескел бұзушыларды қатаң жазалау керектігін айтып, бұл ретте оларды әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін заң нормаларына арнайы өзгерістер енгізуді ұсынады.