Энергетика министрлігі Қашаған жобасының сот ісіне байланысты ресми түсінік берді

Фото: tengizchevroil.com/psa.kz/kbv.kz/freepik

АСТАНА. KAZINFORM – Энергетика министрлігі Қашаған жобасының сот ісі туралы халықаралық БАҚ-та тараған мәлімет туралы ресми түсінік берді.

- Қазақстандағы мұнай-газ жобаларын іске асыруға байланысты сот ісіне қатысты БАҚ-та жарияланған материалдар бойынша мынаны айтамыз. Осы мәселеге қатысты министрлік халықаралық арбитраж процестеріне тән құпиялылық қағидаттарын қатаң сақтай отырып әрекет етеді. Ұлттық мүддені қорғау бағытындағы барлық шара халықаралық құқық нормаларына сай жүргізіліп жатыр. Құқықтық рәсімдер толық аяқталғаннан кейін ресми ақпарат ұсынылады, - деп жазады министрлік мамандары.

Айта кету керек, Bloomberg басылымы Қазақстан қашаған жобасының айналасындағы сот ісі бойынша 15 млн доллар талап етіп отырғанын жазған еді. Материалда ресми Астананың Хьюстон мен Италиядағы қылмыстық істерде шыққан материалдарға сүйеніп Швейцарияда сот талабын түсіргені айтылған. Бұл деректерді Қазақстан италиялық Eni компаниясы оператор болып есептелетін Қашаған мұнай кенішінің айналасындағы төрелік істе өз ұстанымын нығайта түсу үшін пайдалануды көздейтіні де жазылған.

Bloomberg-тің жазуынша, Қазақстан АҚШ-тағы істе «ҚазМұнайГаз» бен Eni компанияларында топ-менеджер болған Мақсат Иденовтің тергелуіне қол жеткізген. Бірақ судья аталған тұлғаның берген жауабы тек Швейцариядағы процесте ғана қолданатындай шектеу қойып отыр.

АҚШ-тағы істе Eni мердігерлеріне Қазақстандағы сервистік келісімшарттардың құнын қолдан өсіру үшін заңсыз схемалар ұйымдастырды деген айып тағылған.