Энергетика министрлігі КҚК жұмысы толық тоқтайды деген ақпаратты жоққа шығарды

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның Энергетика министрлігі Каспий құбыр консорциумының (КҚК) жұмысы толық тоқтайды деген ақпаратқа түсінік берді.

Фото: Каспий Құбыр Консорциумы

Бұған дейін кейбір БАҚ-та КҚК қызметі толығымен тоқтатылуы мүмкін деген ақпарат тараған еді. Алайда ведомство мұндай сценарий қарастырылып отырған жоқ екенін мәлімдеді.

Министрлік мәліметінше, 31 шілде күні КҚК мұнай құбырының жұмысы уақытша тоқтатылған. Соған қарамастан жүк жөнелтушілерден мұнай қабылдау және резервуарлар паркін толтыру жұмыстары жалғасып жатыр.

Энергетика министрлігінің хабарлауынша, 1 тамыздан бастап КҚК арқылы мұнай қабылдау көлемі тәулігіне 100 мың тонна болады.

— Мұнайды тасымалдау көлемін одан әрі ұлғайту теңіз терминалында танкерлердің тиеуге уақытылы қойылуына байланысты болады. Энергетика министрлігі КҚК және жүк жөнелтушілермен тұрақты өзара іс-қимыл жүргізіп жатыр. Қалыптасқан жағдай тұрақты бақылауда, — деді министрдің кеңесшісі, ведомствоның ресми өкілі Әсел Серікпаева.

Еске салайық, бұған дейін КҚК теңіз терминалында дрон шабуылынан кейін мұнай тиеу уақытша тоқтатылғанын хабарлаған едік.