Энергетика министрлігі құны 17 трлн теңге болатын 60 инвестжоба әзірледі

АСТАНА. KAZINFORM - ҚР Энергетика министрлігі Жалпыұлттық инвестициялық жобалар пулына сәйкес, 17 трлн теңгеге 60 жоба әзірледі.

Фото: ҚР Энергетика министрлігі

Инвестициялық жобалардың негізгі бағыттары жаңа энергоқуаттарды енгізу, газ өңдеу зауыттарын салу, отандық мұнай өңдеу зауыттарын кеңейту, жаңартылатын энергия көздері саласындағы жобалар, мұнай-газ химиясын дамыту және т.б. болып табылады.

Жаңа энергоқуаттарды енгізу:

Жоспарға сәйкес, оңтүстік өңірлерде орнатылған қуаты шамамен 2,3 ГВт газ генерациялау жобалары іске асырылуда; 

2024 жылы қуаты 500 МВт болатын Екібастұз ГРЭС-1-дегі бірінші энергия блокты қалпына келтіру бойынша ірі жобаның аяқталуы жоспарлануда;

Батыс Қазақстанның электр желілерін Біртұтас электр энергетикалық жүйесіне қосу жобасы бойынша жұмыстар жалғасады;

2035 жылға дейінгі қабылданған елдің Энергетикалық балансына сәйкес, жалпы қуаты шамамен 26 ГВт болатын жаңа қуаттарды іске қосу және қолданыстағы қуаттарды жаңғырту жобалары іске асырылады.

Газ өңдеу зауыттарын салу:

2028 жылы пайдалануға берілетін Қарашығанақ кен орнында жылына 4 млрд м³ газ өңдеу зауыты; 

2030 жылға қарай қуаты 2,5 млрд м³ болатын Қашаған кен орнында жаңа газ өңдеу зауыты;

Қашаған кен орнында қуаты 1 млрд м³ болатын газ өңдеу зауыты салынуда, 2026 жылдың II тоқсанында пайдалануға беру жоспарланған.

Отандық мұнай өңдеу зауыттарын кеңейту:

Мұнай өңдеу қуаттылығын 18 млн тоннадан 27 млн тоннаға дейін ұлғайту жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда, Шымкент МӨЗ – 6 млн тоннадан 12 млн тоннаға дейін, Павлодар НХЗ – 5,5 млн тоннадан 8 млн тоннаға дейін, CaspiBitum – 1 млн тоннадан 1,5 млн тоннаға дейін. 

Жаңартылатын энергия көздері:

2027 жылдың соңына дейін 592 МВт жасыл генерацияны іске қосу жоспарлануда. 

Мұнай-газ химиясы:

Мұнай-газ химиясы саласында бутадиен және оның туындыларын өндіру қуаты жылына 339 мың тоннаға дейін, полиэтилен – 1250 мың тоннаға дейін және полиэтилентерефталат – 730 мың тоннаға дейін болатын 3 ірі жоба жүзеге асырылуда, жалпы сомасы шамамен 12,9 млрд АҚШ долларын құрайды.