Энергетика министрлігі 4-ші мұнай зауыты құрылысына қатысты 6-7 ұсынысты талқылауда - Ұ.Қарабалин

АСТАНА. ҚазАқпарат - Энергетика министрлігі 4-ші мұнай зауыты құрылысына қатысты 6-7 ұсынысты талқылауда. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте ҚР Энергетика бірінші вице-министрі Ұзақбай Қарабалин мәлім етті.

«Бүгінде біздің миинстрлікте бұл мәселеге қатысты әрбір аймақтан, компаниялар мен басқа ұйымдардан 6-7 ұсыныс бар. Олардың барлығы біздің министрлік ішіндегі жұмыс тобының талқылауында. Әрбіреуінің тиімді, тиімсіз тұсы сарапталынады. Содан кейін Үкімет қарауына шығарылады», деді Ұ.Қарабалин.

Сонымен қатар ол төртінші мұнай зауытын салуы кезінде қандай жайттарға басымдық берілетіндігін де егжей-тегжейлі түсіндіріп өтті.

«Біріншіден, мұнай өңдеу зауыты неғұрлым тұтынушылар тығыз қоныстанған жерде болғаны дұрыс. Себебі, бензин не болмаса басқа жанармайды тасымалдаудың өзі көлік шығындары есебінен көтеріліп кетеді. Екіншіден, ол жерде мұнай құбырларының болғаны дұрыс. Өйткені, мұнай құбыр арқылы жеткізілмесе, темір жолмен тасымалдау қымбатқа түседі», деді бірінші вице-министр.

Сонымен қатар оның айтуынша, мұнай зауытынан шығатын өнім ішкі нарықты толық қамтамасыз ететін болады. Ал қалған өнімді экспортқа шығаруға да зауыт салынатын жер ыңғайлы болуы тиіс.