Энергетика министрлігі электрмен жабдықтау сенімділігін арттыратын заң жобасын ұсынды

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Үкіметі «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне электр энергетикасы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын мақұлдады.

Құжатты бүгін Үкіметтің селекторлық режімдегі отырысында еліміздің Энергетика министрі Қанат Бозымбаев таныстырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне электр энергетикасы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын ұсынамыз. Энергетика министрлігі осы заң жобасын 51-ші қадамда айқындалған міндеттерді іске асыру мақсатында әзірледі.  Бұл өңірлік электр желілік компанияларды ірілендіру мәселелері бойынша.  Ағымдағы жылдың 7 қазанында ҚР Үкіметінің  жанындағы Заң жобалау қызметі жөніндегі ведомствоаралық  комиссия 410-шы отырысында заң жобасының жаңартылған тұжырымдамасы жаңартылды», - деді министр.

Оның айтуынша, аталған тұжырымдамада өңірлік желілік компанияларды ірілендіруге бағытталған негізгі тәсілдер көзделген. Заң жобасы иесіз жатқан электр желілерінің мәселесін шешеді. Бүгінде елімізде 4580 шақырымнан артық иесіз желі бар. Мұнан бөлек, 1300-ден астам трансформаторлық шағын стансалар да иесіз қалуда. Заң жобасы қабылданғаннан кейін олар электр тарату ұйымдарының балансына жеңілдетілген шарттармен беріледі.

Ұсынылып отырған өзгертулер елімізді электр энергиясымен жабдықтау сенімділігін арттыра түсетін болады. Сонымен қатар өңірлерге электр энергиясын беру кезіндегі шығындарды және тұтынушыларға берілетін энергия құнын төмендетуге мүмкіндік береді.