Энергетика министрлігі еліміз бойынша газ құю стансаларының санын арттырады

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Энергетика министрлігі еліміз бойынша газ құю стансаларының санын арттырады. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте ҚР Энергетика вице-министрі Мағзұм Мырзағалиев мәлім етті.

«Энергетика министрлігі, «ҚазМұнайГаз - өңдеу және маркетинг» компаниясы мен «Гелиос» жанар-жағармай құю стансасы желісі арасында газды автокөліктерге отын ретінде пайдалануды көпшілікке тарату жөніндегі ынтымақтастық туралы меморандум бекітілді»,- деді ол.

Оның сөзіне қарағанда, Қазақстанда әзірге осы отын түрі көліктерде кеңінен тұтынылмай отыр. Бұның негізгі себебі дамымаған инфрақұрылымға, оның ішінде отын құю стансаларының жеткіліксіздігіне байланысты.

Бүгінде елімізде автогаз құю бекеттерінің саны 500-ден астам ғана және оның көлемі жеткіліксіз.

«Әлемдік бағаның төмендеуі нәтижесінде биылғы наурыздан бастап біз сұйытылған көмірсутекті газдың шекті көтерме бағасына бекіттік, яғни оның дейгейі тоннасына 11 мың теңге көлемінде айқындалды. Енді отынның осы түрі автокөлікпен жүретіндер үшін қолжетімдірек бола түсті», - деді ол.