Энергетика министрлігі Ресей импортын төмендету үшін Қытайдан 200 мың тонна бензин алмақ

АСТАНА. ҚазАқпарат - Энергетика министрлігі 2015 жылы толлингтік операциялар аясында шамамен 200 мың тонна бензинді Қытайдан алуды жоспарлайды. Бұл шара Ресейден бензин импортына тәуелділікті біршама төмендетпек. Бүгін Мәжілістегі «Нұр Отан» партиясы фракциясының отырысында Энергетика вице-министрі Ұзақбай Қарабалин мәлім етті.

Вице-министр сөз арасында еліміздің жанармайға ішкі сұранысының бір бөлігі толлингтік операциялар бойынша Қытайдан жеткізу арқылы жабылатынын атап өтті.

«2012 жылдан бергі кезеңде бұл операция аясында 284 мың тонна автобензин әкелінді. Соның ішінде 130 мың тоннасы ағымдағы жылдың қаңтар-қыркүйек айлары арасында болып отыр. Мұндай шараның тиімділігін ескере келе, Энергетика министрлігі 2015 жылы да толлингтік операциялар бойынша шамамен 200 мың тонна бензин әкелуді жоспарлап отыр. Бұл ретте ішкі рынок шамамен 168 мың тонна жоғары октанды бензинмен қамтылатын болады», - деді Ұзақбай Қарабалин.

Оның айтуына қарағанда, аталмыш шара Ресейден бензин импортына тәуелділікті біршама төмендетеді. Айта кетейік, Қазақстанға Ресейден импортталатын жанармай мөлшері жылына 12-30 пайыз аралығында болып отыр.