Энергетика министрлігі таратылған ақпараттың мазмұны, атап айтқанда, «Алматы АЖҚС-да дизель отыны салдарынан жүк тасушылар төбелесті» деген тезис шындыққа жанаспайтынын мәлімдейді.
«Бұл оқиға 2022 жылғы 31 тамызда сағат 19-40-та Алматы қаласында емес, Жамбыл облысы Қордай ауылында орналасқан «Helios» ЖШС-ның АЖҚС-дағы клиенттері арасында болған. Төбелестің себебі - өз кезегін күту кезінде жанармай құю станциясының клиенттері арасындағы ауызша жанжал. АЖҚС басқа клиенттерінің араласуының арқасында жанжал бірден тоқтатылды, төбелес АЖҚС жұмысына және басқа клиенттерге әсер етпеді, дауға қатысушылардың ешқайсысы полицияға жүгінген жоқ», - деп жазды ведомстводан.
Оқиға 31 тамызда орын алғанына қарамастан, бүгін жекелеген электрондық ақпараттық ресурстарда жарияланған. Сондықтан, Helios операторлары егжей-тегжейлі тексеру жүргізіп, оқиғаға қатысқан клиенттерімен байланысқа шықты және орын алған даудың нақтыланған деректерін Энергетика министрлігіне ұсынды.
Естеріңізге сала кетейік, дизель отыны мәселелері бойынша азаматтардың шағымдары мен өтініштерін қабылдау үшін Энергетика министрлігі мен ірі АЖҚС желілері тәулік бойы жұмыс режимінде «жедел желіні» іске қосты.
Өтініштердің ең көп бөлігі, атап айтқанда 50%-дан астамы WhatsApp-арнасы арқылы келіп жатыр. Өткен күндері жедел желіге түскен өтініштердің үлкен ағыны байқалған жоқ, Энергетика министрлігінің «жедел желісі» жұмыс істей бастағаннан бері барлығы 150 өтініш бойынша жұмыс жүргізілді.