Энергетика саласында тәжірибе алмасу үшін алты елдің мамандары Астанаға келді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Елордадағы «KEGOC» электр желілерін басқару жөніндегі компанияда ТМД мемлекеттеріндегі энергетикалық қадағалуға жауапты мемлекеттік органдардың серіктестігін үйлестіру бойынша комиссияның 11-інші отырысы өтуде. Онда Әзербайжан, Беларусь, Қырғызстан, Молдова мен Ресей Федерациясының мамандары энергетика саласындағы өздерінің жетістіктерімен бөлісуде, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Соңғы ширек ғасырда ТМД-ның әр елі энергетика саласында өз жолымен кеткені белгілі. Бірақ, құрылғылар әлі күнге дейін ортақ. Сондықтан, тәжірибе алмасу барлығына да маңызды. Жиында талқыланып жатқан екінші сұрақ - электр желілеріне тұтынушылардың тиімді шарттармен қосылу мәселесін талқылау. Бұл тұрғыда соңғы жылдары энергетика саласына біршама өзгерістерді енгізген Қазақстанның тәжірибесіне аталған елдердің барлығы да қызығушылық танытып отыр.

«Жылына екі рет жиналып, бақылау саласында қандай мәселелер бар, оларды қалай шешу керек, қазір әр мемлекетте бекітілген энергетика саласындағы ережелердің қайсысы тиімді екенін талқылап жатырмыз. Биыл әріптестерді «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне тұспа-тұс тамыз айына арнайы шақырып отырмыз. Бүгін энергетика саласындағы екі ережені талқылаймыз. Кәсіпкерлердің электр жүйелеріне қосылу мәселесі жөнінде ақылдасамыз. Сонымен бірге, ресейлік әріптестер Мәскеу қаласының тәжірибесімен бөліскелі жатыр. Біз де «KEGOC» компаниясындағы өз жұмысымыздың нәтижесін  көрсетеміз», - дейді ҚР Энергетика министрлігі атомдық және энергетикалық бақылау комитетінің төрағасы Сұңғат Есімханов.

Комитет төрағасының сөзіне сүйенсек, бұрынғы көршілес мемлекеттердің энергетикалық құрылғылары бір-біріне ұқсайды. Бірақ, оны тарату жүйесінде айтарлықтай айырмашылық бар. Мәселен, Беларусь елінде бүкіл энергетика саласы мемлекеттік меншікте. Ал Ресейде энергетиканың қуат нарығы бар. Қырғыз әріптестерде су электр стансасы дамыған. Осы себепті, бүгінгі жиында энергетикадағы тәжірибе алмасудың орайы келіп тұр.

Айта кетерлігі, ТМД мемлекеттеріндегі энергетикалық қадағалауға жауапты мемлекеттік органдардың серіктестігін үйлестіру бойынша комиссия 2012 жылы құрылған болатын. Соңғы бес жылда комиссия мүшелері Мәскеуде, Бішкекте, Минскіде, Кишиневте кездесу өткізген. ҚР Энергетика министрлігі атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің төрағасы Сұңғат Есімхановтың айтуынша,  бүгінгі жиынға да тәжірибе алмасу бағытындағы келесі қадам деп баға беруге болады.