Энергетика вице-министрі Шымкент МӨЗ-інің неліктен кешігіп жөнделетінін түсіндірді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Шымкент мұнай өңдеу зауытының жоспарлық жөндеу жұмыстары Қазақстандағы жанар-жағармайға деген тапшылық салдарынан 2015 жылдың ақпанына дейін шегеріле тұруы мүмкін.

Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Энергетика вице-министрі Ұзақбай Қарабалин айтты.

«Бүгінде Шымкенттегі мұнай өңдеу зауытын жөндеуге жабу жұмыстарын келесі жылдың ақпан-сәуір айларына дейін шегере тұру жайы талқыланып, шешім қабылдау мәселесі қаралуда. Бұл еліміздің ішкі нарығындағы жанар-жағармайға деген тапшылықты жою мақсатында барлық мұнай өңдеу зауыттарын толықтай жүктемемен жұмыс істетуге жұмылдыру үшін жасалып жатыр», - деп түсіндірді вице-министр.