Энергетика және коммуналдық шаруашылық: Ұлттық жобаға БЖЗҚ қаражаты да тартылады

Фото: Мақсат Шағырбаев

АСТАНА. KAZINFORM – Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев энергетикалық және коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту бағдарламасына Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының қаражаты тартылатынын айтты. 

- Баяндамаңызда айтқандай, алдағы бес жыл ішінде коммуналдық желілерді жаңғыртуға шамамен 6,8 трлн теңге жұмсалады екен. Қаржыландыру көздері әр жерден болады. Баяндамаңыздан түсінгеніміз, зейнетақы қорындағы ақша да тартылады екен. Қандай сомада, - деп сұрады журналист.

Вице-премьер 6,8 трлн теңге деген нақты бекітілген шама емес екенін. Жағдайға байланысты артуы да, кемуі де мүмкін екенін айтты. 

- Иә, әр көзден тиісті қаржы тартылады. Соның ішінде зейнетақы қоры да бар. Инфрақұрылым қаржы өзін-өзі ақтайтын ең сенімді салалардың бірі болып есептеледі. Сондықтан, ол мәселе де қарастырылады. Инфрақұрылымды жаңғыртуға нақты қанша қаражат бөлінетіні бірінші жартыжылдықта немесе бірінші жартыжылдықтан кейін, компаниялар жобаларын әзірлеп біткеннен кейін белгілі болады, - деді Қанат Бозымбаев.

Аталған ұлттық жоба 2029 жылға дейін іске асырылады деген есеп бар.