Энергетикалық қауіпсіздік: Сарапшы Түрікменстанмен газ саласындағы ынтымақтастық туралы
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы газ саласындағы ынтымақтастық үш бағытқа негізделеді: Түрікмен кен орындарын, оның ішінде ең ірі Галкыныш кенін игеруге қатысу; Түрікменстан-Ауғанстан-Пәкістан-Үндістан сияқты магистралдық жобалардағы өзара іс-қимыл; сондай-ақ Қазақстанның оңтүстік өңірін қамтамасыз ету үшін түрікмен газын импорттау. Мұндай әріптестіктің стратегиялық маңызы туралы «Өңірлік интеграцияны зерттеу институты» қоғамдық қорының басшысы Таисия Мармонтова Kazinform агенттігіне берген сұхбатында айтты.
Спикердің айтуынша, мұндай ынтымақтастықтың ұзақмерзімділігі мен маңызы Газ саласын дамыту жөніндегі стратегиялық ынтымақтастық туралы қол қойылған келісімде бекітілген. Осы келісім аясында QazaqGaz бен Түркменгаз ұлттық компаниялары өзара байланыс жасап келеді.
Галкыныш кенін игеруге қатысу Қазақстанның өңірлік газ хабы ретіндегі рөлін нығайтады
Т. Мармонтованың айтуынша, Галкыныш кен орны — әлемдегі ең ірі кен орындарының бірі әрі қоры да өте мол, сондықтан Қазақстанның оның игеруге қатысуы бірнеше артықшылық береді.
— Біріншіден, бұл — еліміздің оңтүстігін газбен қамтамасыз етуге арналған ресурс базасы. Екіншіден, ресурс көзін әртараптандыру және тәуелділікті азайту мүмкіндігі, өйткені Түрікменстан — қисынды серіктес, әлемде қор көлемі бойынша төртінші орында тұр. Бізге форс-мажор қатерін барынша азайту үшін бірнеше жеткізушінің болуы маңызды, — дейді ол.
Ресурстық қауіпсіздіктен бөлек, Қазақстанның қатысуы өзінің газ тасымалдау жүйесін дамытуға да мүмкіндік ашады.
— Галкынышты игеруге қатысу — ресурсты солтүстікке, әрі қарай Қытай мен Оңтүстік Азияға бағытталатын жеткізу маршруттарына қатысуымызды білдіреді. Сонымен бірге бұл — экономикамызды әртараптандыру мүмкіндігі, өйткені біз сервистік және инжинирингтік компанияларды дамытып, Қазақстанның өңірлік газ хабы ретіндегі рөлін күшейте аламыз, — деп түсіндірді сарапшы.
TAPI газ құбыры Оңтүстік Азияның ірі нарықтарына шығуға мүмкіндік береді
Газ саласындағы екіжақты қатынастарды дамытудың тағы бір перспективалы бағыты — Түрікменстан–Ауғанстан–Пәкістан–Үндістан (TAPI) магистралдық газ құбыры.
Оның ұзындығы 1800 шақырымнан асады, жобалық қуаты 33 млрд текше метрге бағаланады, газдың едәуір бөлігі Галкыныш кен орнынан жеткізілмек.
— Біздің Трансауған газ құбырының үлесіне қатысты өтініміміз негізгі акционерлердің бірі мәртебесін алуды білдіреді. Табыстағы үлес — экономикалық мүмкіндіктер, оған қоса құбырға қазақстандық газ да сол схемалармен жобаны кеңейту арқылы жеткізіледі, — дейді Т. Мармонтова.
Оның айтуынша, магистраль құрылысына Қазақстанның қатысуы металлургия өнімдеріне, сервистік қызметтерге және болат пен құбыр жеткізуден бастап инфрақұрылымдық қызмет көрсетуге дейінгі ілеспе салаларға қосымша сұраныс тудырады. Бұл өз кезегінде қазақстандық бизнеске байланысты секторларда жаңа мүмкіндіктер ашады.
Сарапшы бұл магистральдің ерекше стратегиялық маңызын Оңтүстік Азия нарықтарына шығумен байланыстырады.
— Стратегиялық тұрғыдан TAPI-ге қатысу Қазақстанның транзиттік хаб ретіндегі рөлін нығайтады. Егер біз Қытай және Ресеймен бірлескен жобаларды дамытуда еліміздің Шығыс пен Батыс арасындағы көпір екенін айтсақ, енді оңтүстікке, Оңтүстік Азия елдерінің — Үндістан, Пәкістанның орасан зор нарығына апаратын көпір де бола алады. Оған қоса, ауған бағытының өзіне тән қиындықтары барын ескерсек те, Қазақстанның жобада акционер ретінде қатысуға дайын болуы бұл қадамның тек имидж үшін емес, аймақтық байланыстарды ұзақ мерзімді дамытуға да бағытталғанын көрсетеді, — деді ол.
Сондай-ақ сарапшы түрікмен газын тасымалдаудағы және өзге де маңызды газ құбыры бойынша Қазақстанның транзиттік рөліне назар аударды.
— Бұл ретте «Орталық Азия — Қытай» газ құбыры арқылы Түрікменстан газының Қытайға транзиті жалғасып жатыр, бұл Қазақстанның газ тасымалдау жүйесінің жүктемесін арттырып, инфрақұрылымдардың өзара тиімді байланысын күшейтеді, — деп атап өтті сарапшы.
Түрікмен газы Қазақстан оңтүстігінің энергетикалық қауіпсіздігі үшін керек
Бірлескен жобалардан бөлек, Түрікменстан газы Қазақстанның оңтүстігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Былтыр «Түрікменгаздан» импорт көлемі шамамен 150 млн доллар болды, бұл жеткізілімдердің айтарлықтай ауқымды екендігін көрсетеді.
— Мұнда контексті түсіну маңызды: елдегі негізгі газ өндірісі батыста орналасқан, ал тапшылық ең қатты сезілетін өңір — оңтүстік. Қарашығанақ немесе Теңізден магистраль арқылы газ жеткізу әрі ұзақ, әрі қымбат. Ал түрікмен газы географиялық тұрғыдан жақын, сондықтан ол өз газыңды бүкіл ел арқылы тасымалдағаннан гөрі арзанырақ, — деді Т. Мармонтова.
Оның айтуынша, Қазақстандағы газ өндіру құрылымы импорт қажеттілігін өзі-ақ тудырып отыр. Өндірілетін газдың басым бөлігі — ілеспе газ, ал оның едәуір бөлігін мұнай өндіруді ұстап тұру үшін қайтадан жер қойнауына айдауға тура келеді. Соның салдарынан физикалық өндірілген газ көлеміне қарағанда ішкі нарыққа аз газ түседі, бұл жақын көршіден келетін жеткізілімдерге деген сұранысты арттырады.
Бұдан бөлек, түрікмен газының елімізге импорты көмір генерациясына түсетін жүктемені азайтады және импортты әртараптандырады. Түрікмен газын тұтыну өз газымыздың бір бөлігін қайта өңдеуге бағыттауға мүмкіндік береді, бұл жоғары қосылған құны бар өнім шығаруға жағдай жасайды.
— Өткен жылы Қазақстан шамамен 50 млрд текше метр газ өндірді, бірақ оның жартысына жуығын қайтадан айдауға тура келді. Сондықтан ішкі нарыққа 29-30 млрд текше метр шамасында ғана газ келді. Сұраныс өсіп жатқан жағдайда бұл тапшылықты күшейтіп, экспортқа да белгілі бір шектеулер қояды. Сондықтан бұл жасалған келісімдер ұзақмерзімді ынтымақтастық моделіне көшуді білдіреді, — деп түйіндеді Таисия Мармонтова.
Естеріңізге сала кетсек, кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов арасындағы келіссөздер қорытындысында ресми делегация мүшелері бірқатар үкіметаралық және ведомствоаралық құжат алмасты.