Энергетикалық сусындар: зиянсыз допинг VS қауіпті тәуелділік

Фото: Коллаж: Kazinform

Мәжіліс депутаттары «Денсаулық сақтау туралы» заң жобасы аясында 21 жасқа толмаған тұлғаларға энергетикалық сусындарды сатуды шектеу, сондай-ақ оларды автоматтар, басқа да электрон немесе механикалық құралдар арқылы сатуға шектеу қоюға бастамашы болды. Денсаулық сақтау министрлігі осы түзетулердің негізінде 21 жасқа толмаған адамдарға энергетикалық сусындарды сатуға толық тыйым салуға қатысты аналитикалық форма (реттеуші әсерді талдау) әзірледі. Соңғы 10 жылда нарықта жүрген энергетикалық сусындарды сату мәселесі неге биыл қызу талқылана бастады? Дәрігерлер не дейді? Осы уақытқа дейін мұны кәсіп еткен азаматтардың шығыны қандай? Осы және өзге де сұрақтардың жауабын Kazinform сарапшысы мүдделі тараптардан сұрап көрді.

Мемлекет басшысы былтыр тамызда Атырау жұртымен кездесуде Үкіметке жасөспірімдерге энергетикалық сусындарды сату мәселесін пысықтауды тапсырған еді.

Жасөспірімдерге энергетикалық сусындарды сатуға тыйым салуды енгізу қажеттілігі қоғамда кеңінен талқыланып жатыр, үкімет бұл мәселені зерттеп, нақты шешім шығаруы керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондай-ақ, соңғы кезде әлеуметтік желіде де энергетикалық сусындардың зияны туралы жазбалар көптеп тарады.

Facebook-те Раушан Жәкешбай бұл сусынды, әсіресе, жігіттердің жиі ішетінін және неге елде сатуға тыйым салынбай отырғанына алаңдайтынын жазған.

Менің айтайын дегенім – жалпы ер жігіттердің күтінбейтіні. Магазинге кіріп қалсаң, көшеде жүрсең көретінің кілең ер жігіттер, жастар энергетик сусын ішетіні. Саудасы кез келген жерде қызып тұр. Қазақстанда бұл сусынның 30 дан астам түрі бар екен. Бұл сусынның денсаулыққа зияны талай айтылды. Арақ ішкеннен екі есе зиян бұл. Ел ішінде сатуға да тыйым сала алмаймыз. Ұят біздікі. Біз менсіне бермейтін Түрікменстан бұл сусынға тыйым салып тастаған екен. Ақылды шешім.. – деп жазды әлеуметтік желі пайдаланушысы.

Tik Tоk-та @dr_assyl никнеймімен тіркелген Асыл есімді дәрігер «энергетикалық сусындар балаларға ең қауіпті сусын» деген видеосын бөлісті.

Балаларға ең қауіпті сусын. Бұл сусын жүрек соғысын бұзады, асқазан-ішек жолдарының ауруын туғызады, балалар мазасыз болады және ұйқысын қашырады. Балаңызды бұл сусыннан алыс ұстаңыз. Бұл – энергетик, – дейді дәрігер.

Энергетикалық сусынның зияны қандай?

Біз бұл сұрақты алдымен Денсаулық сақтау министрлігіне қойдық. Министрлік аталған сусынды шамадан тыс тұтыну жүрек соғу жиілігінің, қан қысымының жоғарылауы, ұйқының бұзылуы, гипергликемия және басқа денсаулыққа қатысты проблемаларды тудыратынын атап, жүйке жүйесінің жұмысына да теріс әсер етуі мүмкін екенін жеткізді.

Сонымен қатар, кофеин тәуелсіз зат ретінде басқа жанама әсерлерді де тудыруы мүмкін. Ол белгілі бір мөлшерден кейін ағзаға зиян келтіреді. Ересектер үшін тәулігіне 400 мг (2-3 кесе) және 12 жастан 18 жасқа дейінгі жасөспірімдер үшін 100 мг (1-2 кесе) құрайды. Бұл - норма емес, ең жоғары рұқсат етілген тәуліктік доза. Ал 1 бөтелке энергетикалық сусынның құрамында 8-9 кесе кофе бар.

Энергетикалық сусындардан кофеинді шамадан тыс қабылдағанда асқазан-ішек жолдарының гиперстимуляциясына, жүрек айнуы, құсу, диарея және іштің ауырсынуына әкелуі мүмкін... Сусындағы қант стимулятор рөлін атқарады... Қантты шамадан тыс тұтыну жүрек ауруына, семіздікке, 2 типтегі қант диабетіне және басқа да метаболикалық проблемаларға әкелуі мүмкін. Сондықтан көптеген ел оның жарнамасы мен сатылуын, әсіресе оларды кәмелетке толмағандар арасында тұтынуды реттеуді қадағалайды, – делінген ведомствоның сауалымызға берген жауабында.

Министрлікті алаңдататын басты мәселе – жасөспірімдердің энергетикалық сусындарды көп ішуі, себебі олардың ағзасы әлі даму сатысында. Сондай-ақ құрамындағы кофеин мен басқа да стимуляторлар денсаулыққа теріс әсер етіп, осындай ауыр жанама әсерлерді тудыруы мүмкін.

Шынында да, бұл алаңдау орынды, жас ұрпақтың денесі дұрыс тамақтануды және дұрыс дамуды талап етеді. Осыған байланысты, Кеден одағының «Азық-түлік тауарларының таңбалануы» техникалық регламентіне сәйкес энергетикалық сусындардың қаптамасында мына ақпаратты көрсету талап етілді:

«Оны 18 жасқа толмаған балаларға, жүктілік және емшек сүтімен емдеу кезінде, сондай-ақ жүйке қозуының жоғарылауы, ұйқысыздық және артериялық гипертензиямен ауыратын адамдарға қолдану ұсынылмайды».

«Ұсынылатын тәуліктік тұтыну мөлшері – бір бөтелкеден артық емес».

Бұл ретте Алкогольсіз сусындар мен шырын өндірушілер қауымдастығының өз уәжі бар. Ұйымның төрайымы Әлия Мамытбаева «Мемлекет басшысы сусындарға қатысты жұртшылықтың алаңдаушылығын білдіре отырып, бұл мәселені зерделеу қажеттігін атап өтті. Алайда депутаттар да, реттеуші органдар да бұл нұсқауды шектеулерді енгізудің тікелей көрсеткіші ретінде қабылдады» деген пікірде.

Жалпы, ұсынылып отырған шаралар артық және кемсітушілік сипатта. Қазір Қазақстанда беделді медицина мамандарының зерттеулеріне негізделмеген энергетикалық сусындарды демонизациялау белсенді үдерісі жүріп жатыр. Осы тақырыптағы және негізінен кәсіби аудиторияға қолжетімді мекемелер, өкінішке қарай, көпшілікке аса мәлім емес. Мемлекеттік шешімдер қауесеттер мен мифтердің негізінде немесе ақпарат кеңістігінде қазір Қазақстанда энергетикалық сусындарға қатысты болып жатқандай – дүрбелең қысыммен қабылданбауы керек, олар жан-жақты зерделенген және жауапты болуы керек, – дейді Әлия Мамытбаева.

Кәсіпкерлер де бұл сусынды шамадан тыс, көрсетілген дозадан артық ішсе, ағзаға зиян екенімен келіседі. Алайда, басқа сусынды да, тамақты да, шамадан тыс пайдалансаң, еш пайдасы жоқ. Яғни, энергетикалық сусынды да көп ішпеу керек. Ал, сусынның бір бөтелкесінің қаупі қазіргі кофелерден артық емес дегенді алға тартады.

Кәдімгі алкогольсіз сусындардан (энергетикалық сусынның) негізгі айырмашылығы – құрамындағы кофеин, витаминдер мен аминқышқылдары. BTN тұтынудың денсаулыққа зиян келтіру қаупі кофенің қаупінен аспайды. Бұл аса көп тұтынғаннан ғана болуы мүмкін. Кофеиннің қауіпсіз тәуліктік мөлшері 400 мг, BTN-дегі кофеин концентрациясы литріне 150-ден 320 мг-ға дейін, – деп келтірді дәйекті Әлия Мамытбаева.

Бұдан «қазақстандықтар бұл сусынды қаншалық жиі және көп ішеді» деген заңды сұрақ туындайды. Елімізде мұндай зерттеу жүргізілді ме деген сауал да шығады.

Энергетикалық сусындарды артық тұтыну туралы жеке статистика жоқ. Дегенмен, шамадан тыс тұтыну семіздік, қант диабеті және басқа да метаболикалық бұзылулардың дамуына ықпал етеді... Денсаулық сақтау министрлігі, ДДСҰ және ЮНИСЕФ-тің қолдауымен Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы мектеп жасындағы балалардың денсаулығына қатысты зерттеу жүргізді. Онда еліміздегі 121 мектептен 11-13-15 жас аралығындағы 8528 бала қамтылды. Сонда 11-13-15 жастағы оқушыларының 40%-дан астамы энергетикалық сусын ішетіні анықталды. Әрбір бесінші бала – 20,5% – апта сайын энергетикалық сусындарды ішеді, жасөспірімдердің 8,8%-ы аптасына бір рет, 6,4%-ы аптасына 2-4 рет ішеді. Сондай-ақ, 2,3% энергетикалық сусындарды аптасына 5-6 рет, 1,4% күніне бір рет, 1,5% энергетикалық сусындарды күніне бір реттен артық ішетінін көрсетті... – делінген ДСМ жауабында.

Ал, қауымдастық мәселе энергетикалық сусындардың құрамындағы кофеинді шамадан тыс пайдалану болса, онда энергетикалық сусындарды ішетіндер көп емес дегенді топшылады.

Кофеинді тұтынуда энергетикалық сусындар бірінші орыннан алыс - 4,9%, ал жас тобы 12-18 жас, 0,5% аспайды. Халық кофеиннің негізгі жылдық тұтынуын шай (60,4%), кофе (24,6%), шоколад (5,2%) тұтыну арқылы алады, яғни кофе арқылы кофеинді тұтыну энергетикалық сусындарға қарағанда қазірдің өзінде 60 есе жоғары, – дейді Әлия Мамытбаева.

Сонда неліктен жас шектеуі 21 деп белгілену ұсынылып отыр?

Егер 21 жасқа дейін пайдалануға болмайды деген шектеу қойылса, онда энергетикалық сусындарды алкогольдік сусындарға теңестіретін ұсыныс деуге болады. Энергетикалық сусындардың құрамында алкоголь болмағандықтан, техникалық регламентке сәйкес тек қана сергітетін заттар (компоненттер, оның ішінде өсімдік текті заттар) пайдаланылады.

Тағы неге 25 жасқа дейін шектеу емес, неге мүлдем тыйым қойылмайды, бұл сусындар нарыққа кірмей тұрып неге ескерілмеді – айта берсек, сұрақ көп.

Энергетикалық сусындарды шамадан тыс тұтыну балалардағы артық салмақ пен семіздікке әкеп соғады. Бұл – жұқпалы емес аурулардың (онкологиялық және жүрек-қан тамырлары аурулары, қант диабеті және созылмалы респираторлық аурулар) дамуының негізгі қауіп факторы және Қазақстанда өсіп келе жатқан қоғамдық денсаулық сақтау проблемасы. Осыған байланысты балалар мен жасөспірімдердің денсаулығына, өміріне қауіп төніп тұрғанын ескере отырып, мемлекет пен қоғамнан өскелең ұрпақ үшін қауіп-қатерлердің алдын алу бойынша шұғыл шаралар талап етіледі, – деп жауап берді ДСМ баспасөз қызметі бұл сұраққа.

Ал, Алкогольсіз сусындар қауымдастығының басшысы министрліктің шектеуін «негізсіз және былай реттеу, керісінше, кофеинді тұтынушыларды арттырады» деп атады.

Ұсынылып отырған реттеу осылайша тең емес бәсекелестік туғызып қана қоймайды, сонымен қатар кофеинге бай және қазірдің өзінде кофеиннің негізгі көзі болатын өнімдерге артықшылықтар береді. Денсаулық сақтау министрлігінің өзі құрамында кофеині бар кофе өнімдеріне көшу ықтимал екенін мойындайды, сонымен бірге «дәстүрлі кофе (латте, капучино, Americano және т.б.). Яғни, реттеу нәтижесінде кофеинді тұтыну азайып қана қоймайды, керісінше артады, – деді Әлия Мамытбаева.

Кәсіпкердің шығыны қандай?

Қалай болғанда да, мәселенің екінші жағы бар. Қауымдастықтың мәліметінше, жалпы салада алкогольсіз сусындар, минералды сулар және басқа да бөтелкедегі суларды шығаратын 152 өндіруші бар (ОКЕД 11070 бойынша). Соңғы үш жылда төленген салықтар, оның ішінде 2022 жылы – 161,8 млрд теңге болған. Енді заңға өзгерістер қабылданса, кәсіпкерлердің жұмысына қалай әсер етеді?

Ең алдымен, мұндай шектеулер осы санаттағы сусындардың беделін түсіреді. Сондай-ақ, бюджетке 16,5 млрд теңге кем түседі. Жарнамалық бизнестен түсетін кірістің төмендеуіне және алюминий консерві шығаратын зауыттың кірісінің азаюынан жанама шығындар пайда болады. Инвестициялар кетеді. Кәсіпорындардың мәліметінше, алдағы үш жылда 5 миллиард теңгенің инвестициялық жоспары жойылады, – деді Әлия Мамытбаева.

Сонымен қатар, қауымдастық басшысының айтуынша, бұл реттеудің басқа да салдары бар, оның ішінде күрделі мәселелерге әкеп соғуы мүмкін.

Біріншіден, энергетикалық сусындарды пайдалануды темекі мен алкогольді тұтынумен теңестіру оларды «ересек өмірмен» байланысты өнім ретінде, ең алдымен, мектеп оқушылары арасында пайдалануды, керісінше, күрт арттыруы мүмкін. Екіншіден, кофеинді тұтынуды арттыру. Жастардың сұранысы (18-21 жас) құрамында кофеин бар басқа сусындарға ауысады: бірінші кезекте кофе. Кофе реттелмеген және ескерту белгілері жоқ, бірақ салыстырмалы түрде оның құрамында энергетикалық сусынға қарағанда кофеин көп. Үшіншіден, энергетикалық сусындарды, соның ішінде арзан аналогтарын (негізінен 16-21 жас санаттары арасында) заңсыз сату немесе тыйымды елемеу қаупі, бұл күнделікті сыбайлас жемқорлықтың өсуіне және мемлекеттік саясатты елемеу мәдениетінің таралуына әкеледі. Төртіншіден, сайып келгенде, талаптардың сақталуын бақылау мемлекеттік бюджеттің шығындалуына және бақылаушы органдар арасындағы сыбайлас жемқорлыққа әкеледі, – деп қосты Әлия Мамытбаева.

Бұл ретте бизнес өкілдері Денсаулық сақтау министрлігінің шектеуі дәйексіз және бизнестің құқығын бұзады деп отыр.

Ал, Денсаулық сақтау министрлігі бұл ұсынысты «балалар мен жасөспірімдердің денсаулығына төнетін қауіптерді, жақын және алыс шет елдердің тәжірибесін ескере отырып, министрлік қазір балалар мен жасөспірімдерге энергетикалық сусындарды сатуға тыйым салуды енгізу бойынша заңнамалық деңгейде жұмыс жүргізіп жатқанын» жазды.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, тыйым салынған нормаларды енгізу кезінде олардың экономикаға, қоғамға және бизнеске реттеуші әсеріне талдау жүргізілді... Ашық үкіметтегі талқылаудан бөлек, бизнес өкілдерінің қатысуымен де қоғамдық тыңдау өтті. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасып жатыр, – деп жауап берді ДСМ баспасөз қызметі

Энергетикалық сусынға тәуелділік жоғары

Қанша дегенмен, энергетикалық сусын болсын, басқа сусын болсын, дозасынан артық ішсек ағзаға зиян. Жас шектеуі 18 жасқа дейін болғанның өзінде жасөспірімдер арасында ішетіндер бар. Яғни, шектеуді күшейткенде де тұтыну қаншалық азаятынын қадағалау қиын. Себебі сатушылар баланың жасын сұрамай «сатуы мүмкін». Әйтпесе, ата-ана баласына өзі сатып алып бермейтіні анық. Ал, сатып алып беретін болса, ол басқа әңгіме.

21-ге дейін шектеу қойылса да, ол тыйымды айналып өтіп, пайдалануы мүмкін. Я мүлдем сатылымнан алу керек, я балаға көп ішкеннің зиянын дұрыстап түсіндіру керек. Бірақ кез келген дүниеге тәуелділік пайда болатынын ескерсек, бұл сусынға да, кофеге де тәуелділік бар. Оны мойындау қажет.

Cебебі, энергетикалық сусындардың құрамында кофеин, глюкоза және қоспалар болғандықтан тәуелділік тудыруы мүмкін. Мамандардың айтуынша, энергетикалық сусынның әсері адамды дозаны көбейтуге итермелейді: алдымен қобалжу пайда болады, содан кейін күрт төмендейді, содан кейін адам басқа энергетикалық сусын керек деп ойлайды. Ал, тәуелділік – үлкенге де, кішіге де қауіпті.

Бұл «күресте» балаға жауапты ата-ана, халық денсаулығына жауапты Денсаулық сақтау министрлігі және әлеуметтік жауапкершілігі бар кәсіпкерлер ортақ шешім шығаруы керек. Қайткенде түптің түбінде мәселе – ұлт болашағы – ұрпағымыздың саулығы.