Энергетикалық сусынның кесірінен көз жұмғандар бар – дәрігер
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Жарнамада энергетикалық сусындардың шаршау, ұйқысыздық, артық жүктеме кезінде сергектік сыйлайтыны айтылады. Бірақ дәрігерлер оны жиі қолдану жүрекке қауіпті деп дабыл қағып отыр.
Қызылорда облыстық көпбейінді ауруханасының кардиология-2 бөлімшесі және созылмалы жүрек жетіспеушілігі кабинетінің дәрігері Рауан Сайлауова энергетиктің кесірінен ауруханаға түсетіндер барын жеткізді.
– Біздің бөлімшеге 22, 32 жастағы және 33 жастағы екі – барлығы төрт науқас түсті. Олар жүрек сырқатына, оның ішінде созылмалы жүрек жетіспеушілігіне шалдыққан. Соның екеуі өткен жылы, біреуі биыл өмірден өтті. Біреуінің жүрек миокардының жиырылу қызметі төмендеп, өмір сүру сапасы едәуір төмендеген. Науқастардың бәрі ауруханаға түскенге дейін кейінгі бір жыл ішінде энергетикалық сусынды тұрақты пайдаланған. Дәрігерлер тиісті ем-шара қабылдағанына қарамастан өкінішке қарай дерттен айығуы мүмкін болған жоқ, - деді аурухана дәрігері.
Энергетикалық сусынды жапониялық өндірушілер жұмысбасты қызметкерлердің белсенділігін арттыру үшін ойлап тапқан. Бертін келе қолданыс аясы кеңейіп, оны жас та, жасамыс та тұтынатын болды.
– Бонн университетінде жүргізілген зерттеуге қатысушылар энергетикалық сусын ішкеннен кейін 1 сағат ішінде жүректің соғу жиілігі күшейген. Ал Американың кардиология ассоциациясы зерттеу жүргізгенде 1 құты энергетик ішкен адамның 1,5 сағатта қан қысымы айтарлықтай жоғарылап, жүректің электрлі белсенділігі (ЭКГ-дегі QT аралығының ұзаруы) өзгеретіні анықталған. Энергетикалық сусындар жүрек ырғағының бұзылуына, тіпті жүректің тоқтап қалуына әкеп соғуы мүмкін. Әсіресе, бұл жүрек-қан тамыры ауруы анықталмаған адамдар үшін қауіпті, - деді Рауан Сайлауова.
Дәрігер гипертония, аритмия, жүрек инфарктісін өткерген, қант диабеті бар адамдарға, жасөспірімдер мен балаларға, жүкті және бала емізетін әйелдерге сергіткіш сусыннан бас тартуға кеңес береді.
Айта кетейік, жыл басында елімізде 21 жасқа толмаған жасөспірімдерге энергетикалық сусын сатуға тыйым салынды.