Энергия көздерінің жетіспеуі ірі кәсіпорындар үшін үлкен проблемаға айналуы мүмкін - Үкімет басшысы

Фото: primeminister.kz

АСТАНА. KAZINFORM – Энергия көздерінің жетіспеуі алдағы уақытта ірі кәсіпорындар үшін үлкен проблемаға айналуы мүмкін. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-Министр Әлихан Смайылов айтты.

Электр энергетикасы – ел экономикасының «тамырына қан жүгіртіп», тұрақты дамуға негіз болатын бірегей сала. Мемлекет басшысы өз Жолдауында кемінде 14 ГВт көлемінде қосымша қуат көздерін іске қосуды тапсырды. Жалпы ішкі өнімді 2 есеге дейін өсіру үшін бізге осындай көлемде энергия қуаты қажет. Ол үшін энергетика саласы тез дамуы тиіс. Қазірдің өзінде біздің елімізде электр энергиясының тапшылығы бар. Энергия көздерінің жетіспеуі алдағы уақытта ірі кәсіпорындар үшін үлкен проблемаға айналуы мүмкін. Өйткені, болжам бойынша Қазақстанда энергия тұтыну көлемі тұрақты өсе беретін болады», - деді Үкімет басшысы.

Сондықтан, оның атап өтуінше, еліміздегі энергия балансын сақтау үшін батыс облыстардың газ қуаттарын тарту жұмыстары жүргізілуде. Солтүстік және Оңтүстік аймақтарда генерациялау көлемін ұлғайтуға басымдық берілді.

«Атап айтқанда, биыл Екібастұз ГРЭС-1-де Бірінші энергия блогын қалпына келтіру жобасын аяқтау жоспарланып отыр. Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларында жаңадан Жылу электр орталықтарын салу мәселесі пысықталуда. Оңтүстік өңірлерде газ генерациялау жобалары іске асырылуда. Олар 2025-2026-шы жылдары аяқталады. 2030 жылға қарай жаңартылатын энергия көздерінің 15% үлесіне қол жеткізу мақсатында Total Energies, Acwa Power және Masdar сияқты стратегиялық инвесторлармен ірі жобалар іске асырылатын болады. Жалпы, 2035 жылға дейін Қазақстанның бірыңғай электр энергетикалық жүйесіне шамамен 26 ГВт базалық және маневрлік генерацияны іске қосу жоспарланып отыр. Қабылданып жатқан шаралар электр энергиясының тапшылығын жоюға және 2030-шы жылға қарай оның резервін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», - деді Әлихан Смайылов.